Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс отырысында тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін 46%-дан 40%-ға дейін төмендету қажеттілігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін тұтынушылық несиелер бойынша ең жоғары жылдық мөлшерлеме 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілген болатын. Алайда, Сүлейменовтің айтуынша, қазір несие беру шарттарын одан әрі жеңілдету мәселесі талқыланып жатыр.
Сонымен қатар Ұлттық банк қарыз алушылардың табысын тексеру ережелерін қатаңдатты. Енді қазақстандықтар табыс көздерін қайталау, дебеттік карталар, депозиттер мен ағымдағы шоттар бойынша жалған айналымдар жасау арқылы өз табысын жоғары көрсете алмайды.
Бұдан бөлек, қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде қолданылатын табыс анықтау критерийлерін қайта қарау жоспарланып отыр.