Қаржылық реттеу агенттігінің Fingramota қызметі халықтың ең көп қоятын сауалдарына жауап береді.
"Қиындықтар туындаған жағдайда дереу банкке хабарласу қажет. Банк эмоцияларға сенбейді, бірақ фактілерді қарастырады. Қазіргі уақытта кредитті өтеу мүмкін еместігін растайтын объективті құжаттар мен ақпарат беріңіз. Өтініш жазыңыз және қарызды қайта құрылымдаудың Сіз үшін қолайлы талаптарын көрсетіңіз. Банк Сіздің жағдайыңызды жеке зерттейді және қолайлы жағдайларды ұсына алады. Егер Сіз бұған дейін кредит бойынша мерзімінде төлем жасаған болсаңыз, онда банктің жеңілдік жасауы, төлемдер бойынша мерзімді ұзартуды, борышты қайта қаржыландыруды немесе қайта құрылымдауды ұсыну мүмкіндігі жоғары. Банк берілген ақшаны қайтаруға мүдделі. Ең бастысы, қиындықты жасырудың, төлемді кешіктірудің және тұрақсыздық айыбының есептелуін күтудің қажеті жоқ.
Егер банк туындаған мән-жайларды қарамаса немесе назарға алмаса, не себептерін түсіндірместен бас тартса, Сіз Агенттікке жүгінуге құқылысыз. Маман Сіздің жағдайыңызды зерттейді және қолайлы талаптарда қарызды қайтаруға көмектесуге тырысады", деп жазады Fingramota.