Кредит беру туралы шешім қабылдамас бұрын, банктер мен микроқаржы ұйымдары төлем қабілеттілігіңізді және кредиттік тәуекелдерді бағалайды. Бұл үшін олар бірнеше скорингтік жүйені пайдаланады, және олар үшін негізгі ақпарат – кредиттік тарих.
Әлеуетті қарыз алушылар кредиттік бюродан жеке кредиттік рейтингін сұрату арқылы, кредиторлардың өзін қалай бағалайтынын біле алады.
Кредиттік рейтинг пен кредиттік тарихтың айырмашылығы неде, өз кредиттік есебіңдегі дұрыс емес ақпаратты қалай даулауға болатыны және қарыз алушылар үшін оларды қаржылық алаяқтардан құтқара алатын қандай сервистердің бар екендігі туралы, Бірінші кредиттік бюроның пайдаланушылармен жұмыс жөніндегі блок жетекшісі Индира Карлыбаева Fingramota.kz-ның Instagram-аккаунтында тікелей эфир барысында айтып берді.
Кредиттік тарих – сіздің «қаржылық төлқұжатыңыз»
Дербес кредиттік есепті (кредиттік тарихты) және жеке кредиттік рейтингті қалыптастыруға арналған деректер кредиттік бюроларда сақталады. Қазақстанда олар екеу– Мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) және Бірінші кредиттік бюро (БКБ).
Дербес кредиттік есепті қайдан алуға болады?
- БКБ-дан–www.1cb.kz порталы және мобильдік қосымша арқылы;
- МКБ-дан –id.mkb.kz сайты арқылы.
- электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы;
- тұрғылықты жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО);
- «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінде.
Заңнамаға сәйкес қазақстандықтар жылына бір рет өзінің толық кредиттік тарихын тегін алуға құқылы. Сол жылы қайта өтініш берген жағдайда, төлем 400 теңгені құрайды.
Дербес кредиттік есепте қарыз алушының қолданыстағы және өткен барлық қаржылық міндеттемелері туралы барлық ақпарат қамтылады. Бұл кредит сомасы, кредит шартының қолданылу мерзімі, қосымша қамтамасыз етудің болуы, соңғы 24 айда төлемдердің қаншалықты жиі енгізілгені, кешіктірілгені және т. б. туралы ақпарат.
2022 жылдан бастап кредиттік бюроның дербес кредиттік есебін сұратқан кезде соңғы 5 жыл ішіндегі ақпарат көрсетіледі, бұрын 10 жыл болған. Алайда, бұл, мысалы, 15-20 жыл бұрын орын алған төлем мерзімін кешіктірудің күші жойылады дегенді білдірмейді. Олар қарыз алушылардың, сондай-ақ банктердің, микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ), коллекторлық агенттіктердің және басқа да тұлғалардың сұратулары бойынша кредиттік бюролар беруге міндетті кредиттік есептің толық нұсқасында көрсетіледі. Есіңізде болсын, қаржы институттары мен басқа ұйымдар сіздің кредиттік тарихыңызды сіздің жазбаша келісіміңіз бойынша ғана сұрата алады.
Кредиттік тарихқа ақпаратты кредиттік бюролар емес, ақпарат берушілер, яғни банктер, МҚҰ, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді кредитке өткізетін немесе төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беретін компаниялар енгізеді. Кредиттік бюроларға ақпарат беру туралы шарттар негізінде өзге де тұлғалар сіздің дербес кредиттік есебіңізге ақпаратты енгізе алады.
Өз кредиттік тарихыңызды тұрақты түрде, кем дегенде жарты жылда бір рет тексеріп отыру керек. Осылайша, сіз дербес кредиттік есебінде көрсетілген ақпараттың дұрыстығын бақылай аласыз, сондай-ақ сіздің атыңыздан «бөтен адамдар алған» кредиттің бар-жоғын тексере аласыз. Өкінішке орай, жеке және төлем деректеріне алдап қол жеткізіп, алаяқтар азаматтарға жалған қарыз ресімдей алады.
Егер сіздің кредиттік тарихыңызда қате ақпарат көрсетілсе, не істеу керек?
Сіз өзіңіздің дербес кредиттік есебіңіздегі дұрыс емес ақпаратты, мысалы, онда өтелген төлем бойынша ағымдағы мерзімін өткізіп алу анықталған, жабылған шарт бойынша берешек болған немесе дұрыс емес дербес деректерді көрсеткен кезде түзете аласыз. Сондай-ақ, кредиттік тарихты бұзбай-ақ жалған кредиттерді кредиттік есептен алып тастауға болады. Мұндай мүмкіндікті «Кредиттік тарихтағы ақпаратты даулау» қызметі ұсынады, оны барлық кредиттік бюролар тегін береді.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі БКБ-мен бірлесіп, 2022 жылдың сәуір айынан бастап қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қарыз алушылардың кредиттік тарихын жақсарту мақсатында кредиттік тарихтағы ақпаратты қашықтан даулау процесін іске қосты. Бұл қызмет www.fingramota.kz қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша медиапорталда қолжетімді және үш айдың ішінде оны 200-ден астам азамат пайдаланды.
Кредиттік тарихыңыздағы ақпаратты даулауға өтінім беру үшін арнайы нысанда өз деректеріңізді көрсету қажет: ЖСН және телефон нөмірі. Өтініштерді өңдеу заңнамада белгіленген мерзімде жүзеге асырылады. Ақпаратты даулау туралы өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде және кредитордан алынған жауап негізінде өтініш берушіге кредиттік бюролардан тиісті жауап жіберіледі.
Кредиттік тарихтағы ақпаратты даулау туралы өтініштің мәртебесін:
- МКБ корпоративтік WhatsApp чаты арқылы: + 7(701) 485 08 34;
- БКБ порталындағы www.1cb.kz жеке кабинеті арқылы бақылауға болады.
Кредиттік рейтинг – қарыз алушының «қаржылық оңалтылу» көрсеткіші
Заңнамаға сәйкес кредиттік бюролар дербес кредиттік есепті ғана емес, сондай-ақ жеке тұлғалардың жеке кредиттік рейтингін (ДКР) - банктік скорингтің аналогын да ұсынады.
Жеке кредиттік рейтинг – бұл кредиттік тарих жазбаларының және әлеуетті қарыз алушының өзге де дербес деректерінің негізінде кредиттік бюро автоматты түрде есептейтін балл. Қарыз алушының өзі кредитті мақұлдау мүмкіндігін бағалау үшін өзінің жеке кредиттік рейтингін біле алады.
Рейтинг деңгейіне көптеген факторлар әсер етеді, олардың ішінде мерзімін өткізіп алуға жол берілгендер, қолданыстағы кредиттер саны, коллекторларға сатылған борыштардың болуы және басқалары.
Жеке кредиттік рейтинг ақпараттық сипатқа ие және әрдайым жоғары балл қарыз алушының кредитті мақұлдауына кепілдік бере алмайды. Банктер мен МҚҰ әртүрлі скоринг жүйелері, соның ішінде өз модельдері негізінде кредит беру немесе бермеу туралы шешім қабылдайды.
Егер сіз кредит берушілердің сізді қалай бағалайтынын көргіңіз келсе, онда жеке кредиттік рейтингті алу үшін кредиттік бюроларға: МКБ-ға немесе БКБ-ға хабарласыңыз. Бұл ретте Бірінші кредиттік бюро осы қызметті мына: мобильдік қосымша – жылына бір рет тегін, 1cb.kz порталындағы жеке кабинет, +7 708 971 39 34 нөмірі бойынша WhatsApp-бот арқылы, Telegram бот @fcbkbot арналары арқылы онлайн ұсынады – ДКР құны 100 теңге.
Кредиттік рейтинг қандай болады?
Кредиттік рейтинг: қызыл аймақ (төмен рейтинг), сары аймақ (орташа рейтинг), жасыл аймақ (жоғары рейтинг) болып графикалық түрде көрсетіледі. Онда сонымен қатар:
- скоринг балы 0-ден 1000-ға дейін;
- қарыз алушының кредиттік қабілеттілігін сипаттайтын тәуекел сыныбы;
- Қысқаша түсініктеме. Мысалы, кредиттік рейтингте 720 балл және «Жақсы» тәуекел сыныбы көрсетілген. Бұл дегеніміз, осындай тәуекел сыныбы бар 100 адамның шамамен 8-і кредитті уақтылы төлей алмайды. Әдетте, кредиттік ұйымдар мұндай тәуекел сыныбы бар қарыз алушыларға кредит беруге дайын.
Жеке кредиттік рейтинг не үшін қажет?
Кредиттік рейтинг бойынша қарыз алушының адалдығы мен сенімділігін бағалауға болады. Ол неғұрлым жоғары болса, сіздің кредиттік тәуекеліңіз соғұрлым төмен болады, яғни кредитті мақұлдау мүмкіндігі артады.
Мысалы, АҚШ-та ДКР кез-келген қаржылық операцияны орындау кезінде ескеріледі. Пәтер иелері пәтер ақысын белгілеу кезінде жалға алушыда қандай скорингтік баллы бар екеніне міндетті түрде қарайды.
Жеке кредиттік рейтинг сізге өзіңіздің «қаржылық жағдайыңызды», оның ішінде борыштық жүктемені қадағалауға да көмектеседі. Жеке дефолт болмас үшін қарыз деңгейін төмендетіп, барлық кредит карталарын, әсіресе «нөлдік» карталарды жауып, кешіктіруге жол бермеу керек, қосымша табыс көздерін табу керек және т. б.
Қаржылық сауатты адамдар өздерінің қаржылық жағдайын түзету және дұрыс қаржылық әдеттерді қалыптастыру арқылы скоринг ұпайларын арттыруға тырысады.
Кредиттік рейтингті қалай көтеруге болады?
Есіңізде сақтаңыз, белгіленген кестеге сәйкес кредит бойынша әрбір төлеміңіз және қарыздарды өтеу скорбалдың өзгеруіне әсер етеді.
Жеке кредиттік рейтингті жақсартуға болады, егер:
Кредиттер бойынша төлемдерді уақытында төлеу.
Төлемдер кестесін сақтаңыз, телефоныңызға жоспарлы төлем күні туралы ескертпе орнатып қойыңыз. Ақша шотқа түсіп үлгеру үшін төлем күніне дейін 5-7 жұмыс күнін белгілеу маңызды. Кредитті алдын ала төлей алатын болсаңыз, ондай мүмкіндікті жіберіп алмаңыз, себебі алдағы уақытта жағдайдың қалай болары белгісіз. Егер кредитті мерзімінен бұрын өтеп тастасаңыз, оның алдын ала өтелгені жайлы банктен нақтылап біліңіз. Банк ай сайынғы жоспарлы төлемді есептен шығармау үшін, өзіңіздің мобильдік банктік қосымшаңызда мерзімінен бұрын өтеуді дұрыс ресімдеу керек болады. Банктен кредиттің жабылғанын растайтын анықтама алып қойған да жөн. Егер кредитті жабу мүмкін болмаса, оған қоса мерзім кешіктірілсе, онда кредитордан жасырынудың қажеті жоқ. 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредиттік ұйымдардың қарыз алушы-жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылады. Мерзім кешіктірілген жағдайдағы сіздің іс-әрекеттеріңіздің алгоритмі туралы толығырақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің call-орталығына «1459» нөмірі бойынша қоңырау шалу арқылы (қала телефондарынан қоңырау шалу тегін) біле аласыз.
Өзіңнің борыштық жүктемеңді азайту.
Жеке кредиттік рейтингте сіздің барлық кредиттеріңіз, яғни жалпы борыштық жүктеме есепке алынады. Басқа да кредиттеріңіз болған, әрі материалдық жағдайыңыз тұрақты болмаған жағдайда, жаңа кредиттер алмаңыз. Сондай-ақ, қолданыстағы қарызды жабу үшін жаңа қарыз алудың қажеті жоқ. Оның үстіне жаңа қарыздың талаптары «ескі» қарыздан аса ерекшеленбейтін болса, бұлай жасауға тіпті болмайды. Есіңізде болсын, кредит – бұл ең алдымен міндеттеме және сіз оны қарыз алушы ретінде ұзақ уақыт бойы орындауға тиіс боласыз. Кредит жайлы шешім қабылдамас бұрын сіздің ескеруіңіз қажет болатын қарапайым формулалар бар: қарыз бойынша ай сайынғы төлемнің мөлшері сіздің жалақыңыздың жартысынан аспауға тиіс, ал қаржылық қауіпсіздік жастықшасының мөлшері сіздің кемінде алты ресми еңбекақыңызға тең болуы керек.
Осы ретте, банктер мен МҚҰ кредиттік рейтингі төмен, тіпті кредиттік рейтингі жоқ қарыз алушыларға күмәнмен қарайды. Ешқашан ешқандай қарыз ресімдемеген азаматтардың кредиттік рейтингі мен кредиттік тарихы болмайды. Егер қазіргі уақытта кредитіңіз болмаса, бірақ сіз болашақта қомақты сомаға, мысалы бизнес ашу немесе ипотека үшін кредит ресімдеуді жоспарлап жүрсеңіз, онда кредиттік тарихыңызда жазба болу үшін алдын ала кішігірім сомаға кредит ресімдегеніңіз дұрыс. Ең бастысы оның мерзімін кешіктірмей, дер кезінде төлеп отыру керек. Осылайша сіздің оң кредиттік тарихыңыз қалыптасады және сіз өзіңізге адал клиент портретін жасай аласыз.
Алаяқтар сіздің кредиттік тарихыңызды «бөтен» кредиттермен бұзбауы үшін не істеу керек?
Өзіңізді кредиттік алаяқтардан қорғау мүмкіндігін, әсіресе егер сіз шетелде демалысты жоспарласаңыз немесе құжаттарыңызды жоғалтсаңыз, «Стоп кредит» сервисі ұсынады. Бұл қызмет кредиторларды кредит ресімдеуге ниетінің жоқ екені туралы хабардар ету, сондай-ақ оның кредиттік тарихын беруге тыйым салу тәсілін қамтиды.
Сервис Қазақстанда 2022 жылдан бастап БКБ-ның интернет-порталында іске қосылды және оны қазірдің өзінде 800-ге жуық қазақстандық пайдаланып, кредитті ресімдеуге тыйым салу мақсатында өзінің кредиттік тарихын «тоқтатты».
«Стоп-кредитті» пайдаланушылар үшін процесс оңай әрі түсінікті жұмыс істейді: егер алаяқ сіздің атыңызға кредит ресімдеуге өтінім берсе, онда кредитор кредиттік бюродан сіздің кредиттік тарихыңызды сұратып, сізге шектеу қойылғанын көреді әрі бұл алаяқтық болуы мүмкін деген белгіні білдіреді. Егер кредиторға шешім қабылдауға сіздің кредиттік тарихыңыз керек болмаса, әрі ол кредиттік тарихты сұратпай, алаяққа кредит берсе, кредитор БКБ-ға жаңа кредит туралы деректері бар ақпаратты берген сәтте, сервис жазылушыны жаңа кредит туралы хабардар етеді. Жазылушыны уақтылы хабардар ету арқылы ол өз кредиттік тарихында алаяқтық кредиттің бар-жоғына уақтылы ден қойып, оны даулай алады.
Көрсетілетін қызметтің ақылы екенін атап өтеміз, 6 айға жазылған кездегі құны 400 теңге.
Өз кредиттік тарихыңызға басынан мұқият болыңыз, Fingramota.kz сайтымен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Қызықты фактілер
БКБ ұсынған статистикаға сәйкес, көбінесе 25-28 жас аралығындағы қазақстандықтар «мерзімді кешіктіріп жатады».
Ерлердің төлем мәдениеті әйелдерге қарағанда төмендеу: ерлер төлем мерзімін кешіктіруге жиі жол беріп жатады. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша сауалнама жүргізілген шамамен 7 млн қазақстандықтың ішінен қарыз алушы ерлердің 18%-ы өздерінің бір кредитінің мерзімін 1 күнге болса да кешіктірді. Әйелдердің көрсеткіші 12,3%.
Әр түрлі жастағы ерлерге берілген кредиттің орташа сомасы әйелдерге қарағанда жоғары.
Жалпы алғанда, адам неғұрлым үлкен болса, соғұрлым кредитті ұзақ мерзімге алып жатады. Ерлерде мерзімі ең ұзақ қарыз 55-64 жас аралығына келеді екен; әйелдерде - 45-54 жас аралығы.
35 жасқа дейінгі әйелдер ерлерге қарағанда мерзімі ұзағырақ кредиттер алып жатады. 35 жастан кейін – керісінше.