N1broker қазақстандық инвестициялық-брокерлік компания ITS саудасына қатысушы мәртебесін алып, платформа мен қосымшаны біріктіру бойынша техникалық жұмыстар жүргізді. N1broker компаниясы жаңа клиенттерді ITS сауда платформасына қосуды бастады.

N1broker – қазақстандық брокер және инновациялық финтех-компания, бағалы қағаздар нарығында қызмет көрсетуге Қаржы нарығын реттеу агенттігінің лицензиясына ие. Компания трейдерлер мен инвесторларға әлемнің жетекші қаржы алаңдарында, оның ішінде Еуропа мен АҚШ биржаларында операция жасауға арналған технологиялық шешімдерді ұсынады.

«ITS биржасына қосылу – N1broker үшін стратегиялық маңызды қадам. Бұл қадам клиенттеріміздің мүмкіндіктерін кеңейтеді және инвестицияны тиімдірек ете түседі. ITS саудасына қосылу клиенттеріміздің мүддесіне сай келеді. Біз инвестициялардың тиімді әрі ыңғайлы болуына бар күшімізді саламыз», – деді N1broker бас директоры Николай Рузайкин.

N1broker-дің ITS саудасына қосылуы халықаралық бағалы қағаздар мен ETF саудасына қолжетімді инвесторлар санын арттырады және Қазақстандағы қаржы нарығын дамытуда «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлін күшейтеді.

«N1broker клиенттерін құттықтаймыз, енді олар ITS арқылы әлемдік қаржы нарығының кең ауқымды инвестициялық құралдарына қол жеткізеді. N1broker командасына кәсіби жұмысы және ITS технологияларын өз инвестициялық қызметіне интеграциялағаны үшін алғыс айтамыз», – деді ITS басқарма төрағасы Шыңғыс Қанапиянов.

ITS платформасында 3000-нан астам халықаралық бағалы қағаз, оның ішінде 304 ETF, сондай-ақ акциялар мен депозитарлық бағалы қағаздар қолжетімді. Бұл бағалы қағаздар әлемнің ірі индекстеріне кіреді: Dow Jones Industrial Average, Nasdaq-100, S&P 500, және әлемдік экономика салаларының басым бөлігін қамтиды.

ITS сауда сессиясының ұзақтығы – шамамен 18 сағат, Астана уақыты бойынша таңғы 10:00-ден келесі күннің 03:45-ке дейін. Ұзақ сессия инвесторларға портфелін тиімді басқаруға, корпоративтік және экономикалық оқиғаларға жедел жауап беруге мүмкіндік береді.