2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау кезінде отбасының мүлкі, көлік құралдары, банк шоттарындағы шығындары мен депозиттері ескеріледі. Үкімет қаулысына сәйкес, төмендегі сегіз критерийдің кемінде біреуі анықталса, учаскелік комиссия отбасының әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екені туралы қорытынды шығара алады.
Тиісті ереже Үкіметтің 2026 жылғы 19 қазандағы №931 қаулысымен бекітілген.
Қандай жағдайда АӘК беруден бас тартылуы мүмкін?
1. Отбасында бірнеше жылжымайтын мүлік болса. Меншіктегі бірнеше тұрғын үй есепке алынады. Сондай-ақ АӘК алуға өтініш бергенге дейінгі соңғы бес жылда сатылған тұрғын үй де ескеріледі. Алайда отбасының әр мүшесіне шаққандағы тұрғын үйдің жалпы пайдалы ауданы 18 шаршы метрден аспаса немесе үй апатты деп танылса, саналмайды.
2. Табыс табуға пайдаланылатын үй-жай болса. Отбасының меншігіндегі, иелігіндегі немесе пайдалануындағы пайда табуға арналған үй-жайдың болуы ескеріледі.
3. Жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскесі меншігінде болса. Егер отбасының өз тұрғын үйі бар әрі жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесіне ие болса, бұл АӘК тағайындаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін. Әкімдік жеке меншікке өтеусіз берген жер учаскесіне қатысты ерекшелік бар.
4. Бірнеше жеңіл автокөлік болса. Техникалық жарамды көліктер есепке алынады. Бірақ көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ мүгедектігі бар баласы немесе I және II топтағы мүгедектігі бар адамы бар отбасыларға қатысты ерекшелік қарастырылған. Мұндай отбасыларда бір немесе екі жеңіл автокөлік болса, бұл критерий қолданылмайды.
5. Тасымалдауға арналған көлік немесе техника болса. Ауыл шаруашылығы техникасы, автобус, шағын автобус, жүк көлігі, арнайы автомобильдер, сондай-ақ теңіз, ішкі су және әуе көлігі есепке алынады. Техника мен көлік техникалық жарамды болуы керек. Меншіктегі немесе уақытша иеліктегі және пайдаланудағы көлік құралдары да ескеріледі.
6. Банк шоттарындағы шығындар белгіленген шектен асса. АӘК алуға өтініш берілгенге дейінгі тоқсан ішіндегі шығыс операциялары есептеледі. Олардың жиынтық сомасы отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық кедейлік шегінен асып кетсе, бұл бас тартуға негіз болуы мүмкін.
Есептеу кезінде салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сақтандыру төлемдері және отбасы мүшелерінің өзара шот аударымдары есепке алынбайды.
2026 жылғы үшінші тоқсанда Қазақстан бойынша күнкөріс минимумы 72 791 теңге болды. Кедейлік шегі оның 70%-ына тең, яғни бір адамға айына 50 954 теңге.
7. Ірі несие немесе микронесие алынса. АӘК алуға өтініш берілгенге дейінгі тоқсанда ипотекалық қарыздан басқа банк несиесі немесе микронесие рәсімделсе, оның сомасы есепке алынады. Белгіленген шек — отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық күнкөріс минимумының екі еселенген мөлшері.
8. Банктік депозитте ірі сома болса. Отбасының банк салымындағы қаражат 200 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асса, бұл АӘК тағайындаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін. 2026 жылғы АЕК мөлшерімен есептегенде, бұл — 865 мың теңгеден астам. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі, яғни «Отбасы банктегі» салымдар есепке алынбайды.
АӘК мөлшері қалай есептеледі?
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы негізінде есептеледі. Кедейлік шегі әр өңір бойынша тоқсан сайын анықталады.
Қаулыда ақшалай көмектің екі түрі қарастырылған:
Шартсыз ақшалай көмек. Жұмыспен қамту шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған азаматтарға, еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі көмекке мұқтаж адамға не балаға күтім жасайтын отбасыларға беріледі.
Шартты ақшалай көмек. Жұмысқа қабілетті аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға жұмыспен қамту шараларына қатысу шартымен тағайындалады. Қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шаралары да қарастырылады. Ол үшін әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Жекелеген санаттағы азаматтар жұмыспен қамту шараларына қатысудан босатылады. Олардың қатарында I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, белгілі бір аурулары бар азаматтар, көмекке мұқтаж адамдарға күтім жасайтын тұлғалар және тұрақты жұмысы бар адамдар бар.
АӘК алушылардың деректері тексеріледі
Көмек тағайындау үшін отбасы жеке деректерді жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және беруге келісім ұсынуы керек. Бұған банк құпиясын және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтер, сондай-ақ кредиттік берешек пен несие төлемдері туралы ақпарат кіреді.
Маңызды: аталған критерийлердің біреуінің анықталуы барлық әлеуметтік төлемді автоматты түрде тоқтату дегенді білдірмейді. Бұл ережелер нақты атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қатысты.