Энергия ресурстарының айтарлықтай қымбаттағанының арқасында елдің ішкі жалпы өнімі 3,4% ұлғайды, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 9 трлн теңге салық жиналды. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 31%, яғни 2,1 трлн теңгеге көп.
Ал жалпы бюждеттің кірісі 10,6 трлн теңгеге өсті. Былтырғыдан 23% артық.
Атап айтқанда республикалық бюджет осы аралықта 37% ұлғайып 4,9 трлн теңгеге жетсе, жергілікті бюджет 21% көбейіп 2,6 трлн теңгені құрады.
Осылайша, тоғыз айда бір жылдық жоспардың 76%-ы орындалды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 12 трлн теңге салық жиналуы керек. Былтыр қыркүйекке дейін жоспардың 69%-ы ғана орындалған еді.
Есесіне республикалық бюджеттің шығыны 10,4%, яғни 1,3 трлн теңгеге ұлғайып 14,2 трлн теңге болды. Бұл кірістен 3,6 трлн теңгеге көп.
Бюджет шығынының көбеюіне бірінші кезекте сыртқы қарыз бойынша шығындар әсер етті. Атап айтқанда қарыз бойынша шығындар 2 трлн теңге болды. былтыр көрсеткіш 1,3 трлн теңге болған еді.
Бюджет тапшылығының орнын толтыру үшін 2,9 трлн теңге қарыз алынды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 3,9 трлн теңге алынбақ.
Ұлттық қордан трансферт көлемі биыл 4,6 трлн теңге деп жоспарланған. Қазірге дейін 3,4 трлн теңге алынды. Естеріңізге сала кетейік, былтыр Ұлттық қордан 4,8 трлн теңге жұмсаған едік.
Қауымдастықтың мәліметінше, келер жылы мұнай бағасы орташа есеппен 75 доллар болатын болса, республикалық бюджетте профицит болуы мүмкін.