Мұнай өндірісі былтырғыдан 5,2 млн тоннаға азайды

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында 2026 жылғы жеті айдағы экономикалық дамудың қорытындысы мен қаңтар–тамызға арналған жоспар қаралды.

Тау-кен өндіру саласына, атап айтқанда, мұнай өндіру көлемін қалпына келтіруге ерекше назар аударылды. Биыл жеті айда 53,2 млн тонна мұнай өндірілген, бұл – өткен жылғы ұқсас көрсеткіштің 91,1%-ы. Сегіз айдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудің жалпы көлемі 60 млн тоннадан көп болады деп жоспарлануда.

Өңдеу өнеркәсібінде жеті айдың қорытындысы бойынша 9% өсім бар. Бұл ретте металлургияда біршама төмендеу байқалады – НКИ 97,3%, оның ішінде түсті металлургияда 95,4%. Бұл негізінен алтын өндірісінің төмендеуіне байланысты. Оның қарқыны екінші ай бойы қалпына келуде. Жеті айда 39,3 тонна алтын өндірілді. Қаңтар–тамыздағы жоспар – 45,8 тонна. Жылдық қорытындыда түсті металлургияда НКИ-дің 103% деңгейінде өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда.

Өңдеу өнеркәсібінің негізгі драйверінің бірі машина жасау болып қала береді. Оның үлесіне саланың 17,2%-ы тиесілі. Бұл металлургиядан кейінгі екінші көрсеткіш. Оның үлесі – шамамен 42,8%. Қаңтар-шілдеде машина жасау өндірісі 22% өсті. Ең жоғары қарқындағы өсуді 29,9%-бен автомобиль өнеркәсібі көрсетіп отыр, яғни 102 870 жеңіл автокөлік шығарылған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 36%, автобус 18% (1 612 бірлік), жүк және арнайы техника 3,2% (4 732 бірлік) көп.

Химия өнеркәсібінде жоғары динамика сақталуда, ондағы НКИ – 126,9%. Өсім аммофос өндірісін 7,8%, аммиак селитрасын 10,8%, полипропиленді 14,7%, күкірт қышқылын 20,7% және басқа да заттардың өндірісінің артуымен мүмкін болып отыр.

Құрылыс материалдарының өндірісі жеті айда 9,5 млн тоннаға жетіп, НКИ 109,4% болды. Бұл ретте динамика бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен салыстырғанда біршама баяулады (114,1%). НКИ 115,3% құрайтын құрылыс саласының жоғары қарқынын ескере отырып, Серік Жұманғарин Құрылыс істері комитетіне құрылыс материалдарының ірі өндірушілерімен кездесулер өткізуді, өндірістің өсуінің баяулау себептерін және өнім шығаруды ұлғайту үшін қажетті шараларды анықтауды тапсырды.

Ауыл шаруашылығында НКИ қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 103,7%-бен салыстырғанда 105% болды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жаппай егін жинауға кірісті, бұл – саланың жылдық өндіріс көлемін қалыптастырудың негізгі кезеңі.

Азық-түлік өндірісі жеті айда 13,9%-ға өсті, жоспар – 14,7%. Қаңтар-тамызда 14% өсім жоспарлануда. Жыл соңына дейін жалпы құны 122,4 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 33 жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың қатарында Fufeng жүгеріні қайта өңдеу кәсіпорны және Тараз қант зауытының қант қызылшасын қайта өңдеу жөніндегі жаңа желісі бар.