АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің тоқтауы туралы жаңалықтан кейін мұнай бағасы барреліне психологиялық меже 100 доллардан төмендеп, Астана уақытымен бүгін таңғы 5:15-те шамамен 13% арзандап, 94,76 доллар болды, баға қазір де күндізгі сағат 14:00-де осы маңайда тұр.

Бұл 1991 жылғы Парсы шығанағындағы соғыстан бері бір күндегі ең үлкен құлдырау болды.

Мұнай бағасы қарулы қақтығыс басталғанға дейінгі деңгейден әлі де айтарлықтай жоғары — ол кезде баррель шамамен 73 доллар болған.

Еске салайық, АҚШ пен Иран екі апталық атысты тоқтату туралы келісіп, ұзақ мерзімді бейбіт келісімнің негізі болуы мүмкін тікелей келіссөздерге дайындалып жатыр.

Дональд Трамптың айтуынша, бітімнің басты шарты — Ормуз бұғазын ашу.

Сонымен қатар, тараптар Пәкістанның делдалдығымен кездесу мүмкіндігін талқылап жатыр, бірақ әзірге нақты келісімдер жоқ.