Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының жұмысына қойылатын талаптар жазылған қаулы жобасын жариялады.
Бұл құжат бұған дейін қолданыста болған ҚНРДА-ның бес нормативтік-құқықтық актісінің ережелерін бір бірыңғай нормативтік құжатқа біріктіреді.
Дегенмен, жоба қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғауға бағытталған жаңа ережелерді де енгізеді. Атап айтқанда, адал мінез-құлық принциптері мен жауапты микронесиелеуге қойылатын талаптар бекітіледі.
Микроқаржы ұйымдары шарт жасасқанға дейін клиентке қаржылық өнімнің негізгі шарттары көрсетілген қысқа әрі түсінікті құжатты алдын ала ұсынуға, сондай-ақ бұл өнімнің қарыз алушыға сәйкес келетін-келмейтінін бағалауға міндетті болады.
Сонымен қатар жоба қандай әрекеттердің «адал емес» саналатынын, оларды қалай анықтау керектігін және берешекті өндіріп алуға қандай талаптар қойылатынын анықтайды. Соның ішінде, қарыз алушылармен болан әңгімені міндетті түрде аудио- және видеоға жазып алу талабы енгізіледі.
Жалпы алғанда, құжат МҚҰ-ның адал мінез-құлқын қамтамасыз ету, микронесие беру шарттарының ашықтығын арттыру және тұтынушыларды қорғауды күшейту мақсатында әзірленген.
Жоба клиентпен қарым-қатынастың барлық кезеңінде, соның ішінде жарнама мен цифрлық арналарда қаржылық өнімдер туралы ақпаратты ашудың бірыңғай ережелерін белгілейді.
Құжат «Ашық НПА» порталында 16 ақпанға дейін талқылауда болады.