Депозит пайызының төмендеу қарқыны баяулады

Қазақстанның бөлшек депозиттер нарығында банктер күту тактикасына көшті. Қаржы ұйымдары депозиттер бойынша мөлшерлемелерді өзгерту үшін Ұлттық банктің келесі шешімін ғана емес, бәсекелестерінің әрекетін де бақылап отыр. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) қазан айындағы шолуында айтылған.

Еске салайық, қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті. Бұл – маусымнан бергі төртінші рет қатарынан жасалған төмендету. Осы кезеңде базалық мөлшерлеме 18%-дан 15,75%-ға дейін азайды.

ҚДКБҚ мәліметінше, қазанда депозиттердің табыстылығы төмендеу үрдісі жалғасқанымен, өзгерістер алдыңғы айларға қарағанда аз болды. Себебі банктер негізгі түзетулерді бұған дейін жасап қойған.

Депозит түрлеріне қарай жағдай әртүрлі

Қазанда мерзімсіз депозиттердің мөлшерлемелері негізінен өзгеріссіз қалды. Тек бір орташа банк қолданыстағы 12 айлық депозитіне қосымша 6 айлық жаңа өнім ұсынып, оған 16,10% мөлшерлеме белгіледі.

Мерзімді депозиттер сегментінде қарама-қайшы динамика байқалды. Әсіресе үш және алты айлық салымдардың мөлшерлемелері бірқатар банкте төмендесе, кейбірінде керісінше өсті. Қор мұны банктердің қысқа мерзімді өтімділікке қажеттілігімен және салымшыларды сақтап қалуға ұмтылуымен байланыстырады.

Толықтыру құқығы бар жинақ депозиттерінің мөлшерлемелерін төрт банк 0,11-0,90 пайыздық тармаққа төмендетті. Сонымен қатар бір банк төрт айлық депозитті 19% мөлшерлемемен іске қосса, екіншісі 12 айлық салым бойынша 16,31% ұсынды.

Ал толықтыру құқығы жоқ жинақ депозиттері нарықтағы ең жоғары табыстылықты сақтап отыр. Қазанда екі банк мөлшерлемелерін 0,5 және 0,9 пайыздық тармаққа төмендетіп, тиісінше 18% және 18,2% деңгейіне түсірді. Соған қарамастан, бір банк 12 айлық депозит мөлшерлемесін бірден 1,51 пайыздық тармаққа көтеріп, 18,51%-ға жеткізді. Бұл – аталған мерзімдегі ең жоғары ұсыныс.

Депозит ашуға қолайлы кезең сақталып отыр

ҚДКБҚ сарапшыларының пікірінше, базалық мөлшерлеме әрі қарай төмендесе, бөлшек депозиттердің табыстылығы да біртіндеп азаяды. Сондықтан қазіргі кезеңде салымшылар үшін ұзақ мерзімді депозит ашып, жоғары мөлшерлемені бекітіп алу мүмкіндігі бар.

Қордың бағалауынша, жыл соңына дейін депозит нарығында салыстырмалы тұрақтылық сақталуы мүмкін. Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімі 2026 жылғы 4 желтоқсанда жарияланады. Реттеуші жыл соңына дейін мөлшерлемені қайта өзгерту ықтималдығы төмен екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда бір жылдан ұзақ мерзімді валюталық жинақ депозиттері бойынша ұсынылатын шекті мөлшерлеме 1%-дан 2,5%-ға дейін көтерілді. Бұл өзгеріс тек толықтыру құқығы жоқ жинақ салымдарына қатысты емес, бір жылдан асатын мерзімді жинақ депозиттеріне қатысты қолданылады.