Қазақстанда алтын, мыс және вольфрамның болжамды қорлары бар 29 перспективалы учаске анықталды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылы жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижесінде іздестіру жұмыстарын жүргізуге арналған 29 перспективалы алаң анықталған. Бұл аумақтарда алтын, мыс, қорғасын, мырыш және басқа да пайдалы қазбалар табылған.
Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінше, болжамды қор көлемі:
- 500 мың тонна тантал
- 500 мың тонна вольфрам
- 6,5 млн тонна қалайы
- 5,5 млн тонна бериллий
- 123 тонна ниобий
- 2,641 млн тонна мыс
- 11 мың тонна алтын
- 121 мың тонна қорғасын
- 1,206 млн тонна мырыш
- 198,6 мың тонна күміс
- 11,2 мың тонна молибден
Бұл болжамды ресурстар барлық қажетті зерттеулер жүргізілгеннен кейін дәлелденген қорларға айналуы мүмкін.
Қанат Ерубаевтың айтуынша, қазіргі өндіріс көлемі сақталған жағдайда Қазақстандағы дәлелденген алтын қоры шамамен 37 жылға жетеді. Мемлекеттік есепте шамамен 2300 тонна алтын қоры бар.
Оның сөзінше, бұрын жер қойнауын зерттеу 1:200 000 масштабта жүргізілсе, қазір 1:50 000 масштабта жасалады. Бұл болжау дәлдігін айтарлықтай арттырды: бұрын қателік 1 км-ге дейін жетсе, қазір ондаған метр деңгейіне дейін азайған.
Жасыл энергетика, цифрлық технологиялар және электромобильдердің дамуына байланысты әлемде мыс, литий және сирек жер элементтеріне сұраныс артып келеді.
Комитет өкілінің айтуынша, табиғи ресурстарды дұрыс анықтап, тиімді пайдалана алатын елдер әлемдік көшбасшылар қатарына қосылады. Осыған байланысты мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда жер қойнауын кешенді зерттеу бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Өткен жылы 100 мың шаршы метр аумақта егжей-тегжейлі түсірілім жобалары дайындалды. 2026 жылы жер қойнауын зерттеу аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бастапқы геологиялық деректердің 97,5%-ы немесе шамамен 4,7 млн есеп пен құжат электронды форматқа көшірілді. Толық цифрландыру 2026 жылы аяқталады.