Микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) нарығы уақыт өткен сайын өсіп келеді.

2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша берілген шағын несиелер портфелі 756,2 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 62,1%-ға артық, деп хабарлайды ranking.kz.

Мұндай айтарлықтай өсу қарқыны соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткішке айналды. Жалпы, соңғы бес жылда МҚҰ несие портфелі жылына орта есеппен 47,4%-ға өсті.

Еске салайық, 2020 жылдан бастап микроқаржы ұйымдары қор биржасында қаражат тарта алады.

2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша МҚҰ міндеттемелері құрылымында 93,6%-ы тартылған қарыздарға, 3,5%-ы кредиторлық берешекке тиесілі. Бұл ретте, МҚҰ несиелерді негізінен шетелдік, халықаралық қаржы институттарынан алғанын атап өткен жөн.

Қазір МҚҰ биржада, облигациялар шығару арқылы қаржыландыруды тартуға, сондай-ақ отандық қаржы институттарынан қаражат тартуға мүмкіндігі бар. 2022 жылдың наурыз айының аяғында МҚҰ міндеттемелерінің құрылымында алынған несиелердің үлесі 80,1%-ға дейін төмендеді. Тағы 7,1%-ы шығарылған борыштық міндеттемелерге, 5,3%-ы кредиторлық берешекке тиесілі. Осылайша, біз МҚҰ қаржыландыру құрылымында елеулі өзгерістерді көріп отырмыз.

МҚҰ екінші деңгейлі банктерге айнала алады. Қаржы реттеушісінің пікірінше, бұл процесс бәсекелестікті дамытады және тұтынушылар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады; ол қаржы институттары үшін белгіленген жалпы пруденциалдық талаптар мен нормалардың сақталуын білдіреді.

МҚҰ-ны ЕДБ-ға айналдыру да белгілі бір дәрежеде қаржыландыруды тарту мәселесін шешеді және сектордағы компанияларға депозиттерді тартуға мүмкіндік береді.