9 айдың қорытындысы бойынша, қазіргі төлем балансының тапшылығы өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 40,9%-ға қысқарып, (-)3,0 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл экспорттың айтарлықтай өсуімен байланысты.
2020 жылғы пандемиядан кейін әлем елдеріндегі өндіріс қалпына келген кезде отын-энергетикалық тауарларға деген әлемдік баға өскендіктен, экспорт жыл басынан бері (2020 жылдың 9 айында +20,6%) ұлғая бастады.
Қазақстан шет елге мұнай, мыс, ферроқорытпа, темірден жасалған, темір және мыс кендерінен шыққан тегіс прокаттар, концентраттар, бидай, мұнай өнімдерін, алюминий, күміс пен цинк өнімдерін көптеп сата бастады.
Солай бола тұра, белгілі бір тауарлар экономиканың өсімін тежеп тұрды. Бұл – уран (0,8 млрд АҚШ долларына дейін 36,9%-ға қысқарды), газ (1,6 млрд АҚШ долларына дейін -20%-ға қысқарды), бағалы металдардың кендері мен концентраттары (0,5 млрд АҚШ долларына дейін -9,0%-ға дейін қысқарды).
Жалпы алғанда, әртараптандыру деңгейі төмен болғанда экспорт әлемдік тауар нарығындағы жағдайға жығылып отырады: экспорттағы мұнайдың үлесі 51,5%, металл үлесі – 19,1%, газдың үлесі – 3,6%, уранның үлесі – 1,9% құрады.
Әлемдік сұраныс қалпына келе бастағанда, осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қара және түсті металл экспорты былтырға қарағанда 54% және 33%-ға, ал, 2019 жылғы дағдарысқа дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда сәйкесінше 35% және 27%-ға өсті.
Көбіне-көп Қытай мен БАӘ-ге – мыс, Ресейге, АҚШ пен Жапонияға – темірден жасалған тегіс прокат, Түркия мен Хорватияға – алюминий, Ұлыбританияға – күміс, Қытай мен Ресейге – мырыш экспорты артты.
Ал, түсті металды көбіне Қытай елі сатып алса, қара металды Ресей импорттаған. Айта кететін нәрсе, темір кендері мен концентраттар, күкірт, мыс кендері мен концентраттарының сатылымы айтарлықтай өскен соң өзге де экспорттардың өсімі байқалды.
Шет елге сатылатын уран мен газ көлемі азайып, бұл өз кезегінде тауарлар экспортын ұстап тұруға ықпал етті.
Соңғы он жылда уран қазу деңгейі бойынша әлемде алдыңғы орынға шығып отырған Қазақстанның уран экспорты 2021 жылдың 9 айында 37%-ға төмендеп кетті. Қытайға (-443 млн АҚШ доллары), Үндістанға (-74 млн АҚШ доллары), Франция (-11 млн АҚШ доллары) мен Канадаға (-6 млн АҚШ доллары) экспортталатын радиоактивті элементтер көлемі азайған соң, уран мен газ экспорты да осындай көзге көрінетін деңгейде қысқарды.
Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан уранын Ресей мемлекеті сатып алып отыр (+23,8 млн АҚШ доллары), уран экспортындағы Ресейдің үлесі 21%-дан 37%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ, газ экспортының азаюындағы тағы бір себеп – елімізде газға деген ішкі сұраныстың артуы болды. Әсіресе, Қытайға экспортталатын газ көлемі едәуір азайған, сондай-ақ, Швейцария, Украина, Ауғанстан мен Германияға да шығатын экспорт азайып отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, биыл шетелге 3,5 млрд АҚШ долларына тең дайын тауарлар экспортталған (2020 жылдың 9 айына қарай +25%). Ондай тауарлардың арасында ұн (266 млн АҚШ доллары), автокөлік (127 млн АҚШ доллары), күнбағыс майы (84 млн АҚШ доллары), тыңайтқыштар (83 млн АҚШ доллары), цемент (71 млн АҚШ доллары), аккумуляторлар (64 млн АҚШ доллары), макарон өнімдері (46 млн. АҚШ доллары), дәрі-дәрмек (45 млн АҚШ доллары), темекі (40 млн АҚШ доллары) және өзге де тауарлар бар.
Экспорттың артуы теңге бағамының нығаюына әсер ете алмау себебі – экспорттан түскен ақшалай табыстың өсуі үнемі ішкі валюталық нарықта валютаның ұсынысын арттыра бермейді. Бұның себебі, өнімді бөлу туралы келісім негізінде ірі мұнай-газ кен орындары инвесторлармен бірге әзірленеді. Ішкі валюта нарығында түсетін валюталық табыстың көлемі осы келісімнің шарттарына тәуелді болады.
Уағдаластықтарға сәйкес, экспорттан түскен валюталық түсімдер алдымен инвестордың кен орнын әзірлеуге кететін шығындарын жабады, содан кейін ғана қалған қалдығы шарттағы үлесіне сай жобаға қатысушылар арасында үлестіріледі.