Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында баяндама жасайды.
Оның баяндамасы ҚР Үкіметінің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі бойынша Жоғары аудиторлық палата қорытындысына арналады.
«Жоғары аудиторлық палата республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепке беретін қорытындысында салық-бюджет қағидаларын мүлтіксіз сақтау, мемлекеттік ресурстарды басқарудың тиімді тетіктерін құру қажеттілігіне баса назар аударады», — деп атап өтті Смайылов.
«Басты проблема – бюджеттің тұрақты тапшылығы.
Соңғы жылдары шығынның едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығынның 50%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалыптастыратын ұзақ мерзімді жоспар қажет.
Ұлттық қорды басқару жөніндегі нормативтік құқықтық база тұрақтылықты қажет етеді. Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз».
«Қарыз алу құралын кеңінен қолдану да борыш жүктемесінің тәуекелін арттырады. Қазірдің өзінде борышты өтеу және қызмет көрсету шығыны бюджеттің барлық түсімдерінің 17%-дан астамын құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, он жыл бұрынғы борыштарды төлеудің басым көлемінің жүктемесі 2024-2025 жылдарға түседі.
Борыш тұрақтылығының қазіргі жай-күйін сапалы бағалауды қамтамасыз ету үшін базалық көрсеткіштер тізбесін кеңейту маңызды. Қарыз қаражаты индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуы тиіс. Мұндай жобалар табысты генерациялау керек».
«Салық базасын арттыру үшін де резервтер бар. Ол үшін салықтық әкімшілендіруді күшейтетін тиімді шаралар қабылдап, жекелеген салықтық жеңілдіктердің қолданылуын қайта қарау қажет.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылы әкімшілендіру есебінен бюджет 944 млрд теңгеге жуық қосымша түсімдермен қамтамасыз етілген. Ал Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш төрттен бір бөлікке аз.
Жоғары аудиторлық палата Мемлекеттік кірістер комитетінің әкімшілендіру жұмысын бағалау үшін оның нақты нәтижелерін толық әрі объективті түрде ашып көрсететін жеке есептіліктің қажет екеніне назар аударады.
Салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне толыққанды талдау әлі де жүргізілмейді. Салықтық бақылау шаралары салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды негізсіз қолдану фактілерін анықтауға бағдарланбаған. Сондықтан бюджет кірістерінің түспеуіне алып келетін салықтық жеңілдіктерді пайдалану тиімділігіне толыққанды талдау жүргізуді регламенттеп, оны Парламенттің ашық талқылауына ұсынуды қажет деп есептейміз».
«Көлеңкелі экономиканы қысқарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор. 2022 жылы оның үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 18,8%-ға дейін төмендеген. Сонымен бірге салықтарға қатысты жоспардың 1,4 трлн теңгесі орындалмаған. Осы мәселенің анығын білу үшін біз биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаты тиімділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отырмыз».
«Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет пен банктердің өзара жауапкершілігін біріктіру қажет. Бизнесті қолжетімді және «ұзақ мерзімді» қаражатпен қамтамасыз ету керек. Ол үшін тиімді ақша-кредит саясатын іске асыру өте маңызды. Сондай-ақ экономиканы дамыту үшін сақтандыруды кеңейту бойынша пәрменді шаралар қажет.
«Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджет қаражатын пайдалану үшін дербестік берілді, бірақ қабылданатын шешімдер әрдайым тиімді болып отырған жоқ. Бұл пәрменді индикаторлар мен көрсеткіштерді белгілеп, оларға қол жеткізбегені үшін дербес жауапкершілік жүктеу мәселесін қайта қарауға мәжбүр етеді.
Кейбір мемлекеттік органдар құзыретіне кірмейтін жобаларды іске асыруын жалғастырып келеді. Мысалы, салалық министрліктер бола тұра, Ұлттық экономика министрлігі мәдениет, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, су бұру және автожол салаларындағы жобаларды жүзеге асыруда. Салдары – түпкілікті нәтижеге жету жауапкершілігінің болмауы және екі жақтан қаржыландыру тәуекелдері».
«Бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Жоғары аудиторлық палата жыл сайын өз ұсынымдарын әзірлейді. 6 жыл ішінде 178 ұсынымның 65%-ы орындалған. Қалғандары негізінен қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
Осы жұмысқа жаңа қарқын беру маңызды. Біз Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның берген ұсынымдарының іске асырылуы жөніндегі бөлімді енгізуді ұсындық. Бұл – бюджет процесінің ашықтығы мен тиімділігіне жасалатын тағы бір қадам».