Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады.
Марат Омаровтың айтуынша, жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсенің тікелей қатысуымен 2026-2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жоспары бекітілді. Оған сай, бәсекелестік ортаға берілетін активтерден түсетін жалпы кіріс 3,4 трлн теңге болады.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау нәтижелеріне айрықша назар аударылды. Қабылданған шаралар бір көзден сатып алу үлесін 39 пайыздан 24 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында жалпы бюджет аясындағы бәсекелі сатып алу үлесі 6,2 – 8,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды.