Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға күріш саласының болашағы туралы депутаттық сауал жолдады.
Осы жылдың наурыз айында «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің атына су тапшылығына байланысты еліміздегі күріш алқаптарын 29 мың гектарға азайту туралы мәлімдемесіне түсіндірме беруін сұрап сауал жолдаған болатын.
"Министрдің берген мардымсыз жауабына және жақында «Ақ жол» партиясына келіп түскен Алматы облысының Балқаш, Ескелді ауданының күрішші диқандарының хаттарына орай бүгін қайта сауал жолдауға мәжбүрміз. Министрлік тіпті бізге берген жауабында ақпарат құралдарын шарлап жүрген көпке белгілі мақаланы үтір, нүктесіне дейін өзгертпей басыпты. Осындай жаттанды, ғылыми негізі жоқ, атүсті жауаптарыңыз онсыз да күріш саласының болашағына алаңдап жүрген диқандар қауымында жауаптың орнына, керісінше, көптеген сұрақтар туғызуда", дейді депутат.
"Ақ маржан" брендіне айналған, күріш егетін үш облысты қосқанда бір миллионға жуық азаматтарымызға жұмыс беріп отырған күріш саласының ешқандай ғылыми зерттеусіз, бір параққа сиятын бұйрықпен сіздер қалай үштен бір бөлігін қысқартпақсыздар?! Күріш алқабы, жоғарыда айтылғандай, қысқарса, орта есеппен үш жүз мыңға тарта адам жұмыссыз қалмақшы, олардың жанұясын қалай асырайсыздар?! Әлде, олар да әлеуметтік көмектің кезегіне тұра ма?! Бүгінгі азық-түліктің қымбаттауы, пандемия, экономикалық дағдарыстар кезінде еліміздегі әрбір кәсіпорынның, жұмыс орнының, әсіресе, ауылдағы күнкөрістің маңызы өте зор, тіптен жаңа жұмыс орнын ашу үшін мемлекетіміз миллиардтаған қаржы жұмсауда. Олай болса, ғасырлық тарихы бар, әлеуметтік, экономикалық құны баға жетпес сала туралы терең ойланып, елмен, мамандармен ақылдасып барып, салмақты һәм ашық шешім неге қабылдамасқа?!" деп сауал қойды депутат.
Алматы облысының күрішшілерінен келген хатқа сүйенсек, олар күрішті тек табыс табу үшін ғана емес, туған жерлерінің шөлге, тұзға айналмауы үшін экологиялық мақсатта егіп отыр. Еліміздің экологиясына жауапты мемлекеттік орган бұл мәселемен таныс деп ойлаймыз. Жергілікті фермерлердің осы тақырыпқа байланысты наразылығы ретінде Министрлікке бір қап тұзды почтамен де жіберген болатын.
Осы орайда, Күріш атасы атанған Ыбырай Жақаевтың: «Мен күрішке тек тағамдық дән деп қарамаймын. Ата-бабамның, атамекенімнің байырғы дақылы деп қараймын», - деген сөздерін айта кеткен жөн деп санаймыз.
Биыл қатты қуаңшылық болып, Сыр елінде, Түркістан мен Алматы облысының шөлейт аудандарында малға жем-шөп болып отырған да күріштің арқасында су ішкен күрмек шөп пен күріштің сабаны, яғни, күріш егілмесе, мал да азықсыз қалатын еді.
Қазақта «рудың басы болғанша, судың басы бол» деген мақал бар. Біздің құзіретті мемлекеттік органдар судың тапшылығын тек қана егістік алқапты қысқартудан ғана емес, Іле мен Дарияның, Жайық пен Ертістің басында отырған көршілерімізден және суды үнемді пайдаланудың заманауи технологисын қолданудан іздеу керек.
Жиырма бірінші ғасырдың өзекті мәселелерінің бірегейі су болары сөзсіз. Бұл сұрақты өкілетті орган көрші мемлекеттермен тиісті келіссөздер жүргізіп, халық шаруашылығына, елімізге тиесілі су үлесін халықаралық деңгейде қорғап, су үнемдеу технологияларын дамыта отырып шешуі тиіс.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы мынаны білгісі келеді:
- Болашақта еліміздің экономикасында күріш саласы бола ма, жоқ па?
- Егер күріш өндірісі сақталып, су каналдарын, инженерлік дренажды жүйені қалпына келтіру жұмыстары басталса, осы жүйені болашақта өздері пайдаланатын диқандардың өзін жұмысқа тартуды жоспарлап отырсыздар ма?
- Ал енді күріш алқаптары қысқартылса, жұмыссыз қалған жоғарғы деңгейлі мамандарды басқа салаға, басқа кәсіппен айналысуға, мысалы, мал шаруашылығына бейімдеу қарастырылған ба?
Олай болса, қысқы мерзімді пайдаланып, оларды қайта оқытып, көктемге қарай жаңа дақыл тұқымымен немесе аналық мал басымен қамту мүмкіндігі бола ма?
- Егер жоғарыда айтылған мәселелер шешілмесе, сарапшылардың пайымдауынша, үш жүз мыңға жуық азаматтарымыз жұмыссыз қалу қаупі бар. Бұл азаматтарымыздың көпшілігі қалаға келері сөзсіз, ауыл отасылары көпбалалы, оларды мектеппен, баспанамен, жұмыспен қамтуға дайынсыздар ма?! Әлде, кешегі ауылдың еңбекқор адамдары Үкіметке қол жайып, көмек сұрап, жастары базарларда арба сүйреуге мәжбүр болмай ма?
- Егістік алқаптары бос қалатын болса, жердің деградациясына қарсы қабылданған экологиялық кешенді шараларыңыз бар ма? Егер жоқ болса, шұғыл түрде қарастыру қажет.
Ал деградацияға қарсы шаралар жүргізілетін болса, бұрынғы астық алқаптарын абаттандыру, мысалы, сексеуіл егу сияқты жұмыстарға тағы да жергілікті азаматтарды тарту аса маңызды деп санаймыз.
"Еліміздің жауын-шашынсыз, шөлейт аймақтарына орналасқан күріш саласымен айналысатын диқандардың көтерген мәселелерінің маңыздылығын ескеріп, қойылған сұрақтарға мазмұнды жауап берулеріңізді сұраймыз", деп қорытындылады депутат.