Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктерге пилоттық режимде қадағалап стресс-тестілеу өткізудің басталғаны туралы хабарлайды.
Стресс-тестілеу банктердің шектеулі санының қатысуымен 2021 жылғы 4 қазан – 2022 жылғы наурыз аралығындағы кезеңде өткізілетін болады.
Қадағалап стресс-тестілеу тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарының бірі ретінде экономика дамуының ықтимал жағымсыз сценарийлерін ескере отырып, банктер капиталының жеткіліктілігін тұрақты негізде бағалауға мүмкіндік береді.
Әлемдегі жетекші қаржы реттеушілері қолданатын қадағалап стресс-тестілеудің екі кезеңдік моделі негізге алынды.
Бірінші кезең шеңберінде банктер реттеуші-bottom-up (төменнен жоғары) нұсқаулықтары мен сценарийлеріне сәйкес ішкі модельдерді пайдалана отырып, стресс-тестілерді есептеуді жүргізеді.
Екінші кезең шеңберінде Агенттік әрбір банк бойынша қадағалау ақпаратын пайдалана отырып, өз модельдері негізінде top-down (жоғарыдан төмен) стресс-тестілеуді өткізеді.
Екі кезеңді тәсілді қолдану жекелеген банктердің бизнес модельдерінің, стратегиялары мен басқару шешімдерінің жеке ерекшеліктерін есепке алу арқылы стресс-тесттің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Банктердің кеңейтілген тізімі бойынша толық ауқымды қадағалап стресс-тестілеуді өткізу 2021 жылы пилоттық өткізу қорытындысы бойынша тәсілдер мен модельдер пысықталғаннан кейін 2022 жылдан бастап жыл сайынғы негізде жоспарланған.
Қадағалап стресс-тестілеуді толыққанды енгізу банктердегі тәуекелдерді басқарудың ішкі процестерін жақсартады, сондай-ақ 2023 жылдан бастап экономика дамуының стрестік сценарийлерін іске асырған жағдайда ықтимал шығындарды жабу үшін жеткілікті деңгейде капитал бойынша талаптарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.