Биылғы III тоқсанда миллионнан астам қазақстандық ең төменгі күнкөріс деңгейінен (60,9 мың теңге) төмен сомаға күн көріп келген. Бұл — бүкіл халықтың 5,3%-ы. Дегенмен, былтырғымен салыстырғанда аз қамтылғандар саны сәл де болса азайған (-0,3%). Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде айтылған.
Бюро дерегінше, кедейлік деңгейі әлі де Түркістан облысында ең жоғары — 194 мың адам (өңір халқының 9%-ы). Бірақ былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,9% төмендеген.
Кедейлік үлесі жоғары басқа өңірлер: Маңғыстау облысы: 8,2% немесе 66,7 мың адам (+4,5% өсім); Абай облысы: 7,9% немесе 47,2 мың адам (-8,9% азаю); Жетісу облысы: 7,7% немесе 53 мың адам (-6% азаю).
Ең төменгі көрсеткіш Астана қаласында тіркелді — 2,7% (44,1 мың адам). Бірақ елордада кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны былтырғыдан көбейіп кеткен (+3,2%). Сондай-ақ Қарағанды (3,3%) және Атырау (3,3%) облыстарында да бұл көрсеткіш төмен деңгейде.
2025 жылдың III тоқсанында елдің бір тұрғыны орта есеппен айына тұтынуға 110 мың теңге жұмсаған. Бұдан көретініміз — миллионнан астам қазақстандықтың ең төменгі қажеттіліктеріне жұмсайтын шығыны олардың табысынан екі есе дерлік асып түседі.
Аз қамтылған 1,1 млн қазақстандықтың 890,4 мыңы бес немесе одан да көп адамнан тұратын отбасыларда тұрады.
Елімізде табысы тіпті азық-түлік себетінің құнын да жаппайтын (айына 33,5 мың теңгеден аз) 57,9 мың адам бар. Олардың саны бір жылда 28% өскен.
Мегаполистерде де кедейлік шегіндегілер саны қатты артты: Шымкентте — екі есеге жуық өсіп, 11,6 мың адамға жетті; Алматыда — 1,5 есе өсіп, 11,1 мың адам болды.