Қазақстанда маркетплейстерге, интернет-агрегаторларға және екінші деңгейлі банктерге салық агенті мәртебесін беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде белгілі болды.

«Маркетплейстерге, интернет-агрегаторларға және екінші деңгейлі банктерге салық агенті мәртебесін беру жоспарланып отыр. Бұл салықты ұстау және аудару бойынша міндеттемелердің бір бөлігі тікелей қаржылық және сауда операцияларына ендірілуі мүмкін екенін білдіреді», – деді ведомство өкілдері.

Заңды тұлғалар үшін «Салық әмияны» механизмі дайындалуда. Жүйе қаражатты жинақтауға және бюджетке төлемдерді автоматты түрде есептен шығаруға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.

Сонымен қатар жиында реформаның белгілі бір блогы есептілікті автоматтандыруға қатысты екені айтылды.

«Салық есептілігі нысандарын алдын ала толтыру, оңайлатылған декларацияларды цифрлық өңдеу және салық төлеушілерді сүйемелдеу үшін жасанды интеллект сервистерін енгізу жоспарланған. Іс жүзінде бұл бизнестің құжаттарды қолмен толтыруды азайтып, жүйе қалыптастырған деректерді көбірек растайтын модельге біртіндеп көшетінін білдіреді», – делінген министрлік ақпаратында.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, кірістер саласындағы 42 мемлекеттік қызметтің 92%-ы электронды форматта қолжетімді. Алайда, ендігі басымдық қызметтерді жай ғана онлайнға көшіруден проактивті модель құруға ауысады. Бұл модельде жүйенің өзі міндеттемелерді қалыптастырып, пайдаланушыға хабарлама жібереді.