Маркетплейстердегі бағалар екі түрлі болады. Сонымен қатар сатушылар тауардың құнына кіретін барлық комиссия мен сыйақы туралы ақпаратты көрсетуге міндеттеледі.

Үкіметтің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына арналған отырысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияны ұстап тұруға бағытталған шаралардың бірі маркетплейстердегі баға белгілеудің ашықтығы болатынын айтты.

«Тауарлардың құнына кіретін сыйақылар, комиссиялар және өзге де төлемдер туралы ақпаратты жария етуді қамтитын шаралар қабылданады. Сауда алаңдары мен делдалдардың комиссия деңгейін оңтайландырудың тәсілдері әзірленеді, бұл сатушылар мен сатып алушылар үшін әділ жағдай қалыптастыруға бағытталады», – деді Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, интернет-дүкендерге де қос бағамен көрсету тәжірибесі қолданылады – бөліп төлеу және қолма-қол ақшаға сатып алу бағасы бөлек көрсетіледі.