Маңғыстау облысында құрастырылған «Шапшаң» әскери десанттық катері Каспий теңізіне түсірілді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, Қарулы Күштердің контр-адмиралы Ратмир Камратов және әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.

Су жаңа катер теңіздегі мемлекет шекарасын, елдің біртұтастығын қорғауға қызмет етеді.

Қорғаныс министрінің орынбасарының сөзінше, Маңғыстауда жасалған катер өңірдің теңіз әлеуетінің қарқынды дамып жатқанын аңғартады. 


«Жаһандық әскери техника өндірісі дамыған мемлекеттердің ұлттық қорғаныс жүйесінде шешуші рөл ойнайды. Қазіргі заман – жаңа технология заманы. Бұл катер — Отанымыздың инженерия саласының жоғары деңгейінің айқын дәлелі», — деді Сұлтан Қамалетдинов.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында болып жатқан тарихи оқиғаның ғалымдардың төккен тері мен еңбегінің нәтижесі екенін айтты. 

«Өңірімізде жасалған отандық өнім ел тыныштығын күзетіп, теңіз әскерлерінің нәтижелі қызмет етуіне көмектеседі. Осы жобаны жүзеге асырған азаматтарға, мамандарға, құрылысшыларға көп рахмет айтамын. Азаматтар өздерінің шеберліктерін дәлелдеді», — деп әкім ризашылығын білдірді.

Жаңа катерді құрастырған «Кеме жабдықтары және сервис» ЖШС-нің директоры Дмитрий Донскойдың айтуынша, тек қорғаныс саласында емес, азаматтарға арналған, туризм, транспорт бағытында, төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын техникаларды да жасауға мүмкіндіктері бар.