Қазақстан мұнайын «Дружба» мұнай құбыры жүйесі арқылы Германияға жеткізуді Ресейдің тоқтатқаны туралы ресми мәлімдеме болған жоқ, деп хабарлады энергетика министрі Ерлан Аккенженов.
«Бұл ақпаратты мен бейресми дереккөздерден алдым. Ресей тарапынан әзірге ресми мәлімдеме болған жоқ», – деді Ерлан Аккенженов журналистерге.
Министрдің айтуынша, «бейресми деректерге сүйенсек, бұл ақпарат шындыққа саяды».
Оның сөзінше, бейресми мәліметтер бойынша Ресей тарапы «Дружба» құбыры арқылы Қазақстан мұнайын Германияға айдауға техникалық мүмкіндік жоқ екенін айтып отыр. Министр бұл жағдайды Ресей инфрақұрылымына жасалған соңғы соққылармен байланысты болуы мүмкін деп болжады.
Reuters агенттігі Ресей 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын Германияға «Дружба» құбыры арқылы тасымалдауды тоқтатуы мүмкін екенін хабарлаған.
Қазақстан 2026 жылдың бірінші тоқсанында Германияға мұнай жеткізуді екі есеге арттырып, 730 мың тоннаға жеткізген. Ал 2025 жылы Германияға (Шведт қаласындағы МӨЗ-ге) жеткізілген қазақстандық мұнай көлемі 2,1 млн тоннаны құрады.
Қазақстан 2023 жылдан бері Германияға мұнайды Транснефть магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы «Адамова застава» тапсыру пунктіне дейін жеткізіп келеді.