2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың (бұдан әрі – KASE) сауда-саттық тізімдерінде 147 эмитенттің 161 акциясы болды, оның ішінде 44 шығарылым KASE Global секторында айналымға жіберілді.
2022 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша KASE индексі 3 033,5 тармаққа дейін 9,4%-ға төмендеді. Ең көп төмендеу «ҚазТрансОйл» АҚ (-20,9%), «Kcell» АҚ (-17,6%), «KEGOC» АҚ (-10,4%) бойынша болды.
Акциялар нарығын капиталдандыру 2022 жылғы сәуірде сыртқы конъюнктураның нашарлауы аясында индекстік компаниялардың акциялары бағасын түзету есебінен 1,5%-ға азайып, 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 23 трлн теңгені құрады.
Ағымдағы жылғы сәуір айында акциялармен сауда-саттық көлемі 2022 жылғы наурыздағы акциялармен сауда-саттық көлеміне қатысты 17,8%-ға немесе 2,4 млрд теңгеге төмендеп, 10,9 млрд теңгені құрады.
KASE-де саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2022 жылғы сәуір айында 0,9%-ға ұлғайып, 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 15 трлн теңгені құрады. 2022 жылғы 1 мамырға KASE сауда-саттық тізімінде 83 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 326 шығарылымы болды.
2022 жылғы сәуірде KASE корпоративтік облигацияларымен сауда-саттық көлемі алдыңғы айға қатысты 3,1 есеге, 182,5 млрд теңгеге дейін өсті.
Корпоративтік облигациялардың қайталама нарығында инвесторлардың негізгі санаттары бойынша екінші деңгейдегі банктердің үлесі 24,8%-ды, брокерлік және дилерлік ұйымдардың үлесі 4,3%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 13,5%-ды, басқа заңды тұлғалардың үлесі 55,2%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 2,1%-ды құрады. Бейрезиденттердің үлесі 1,0%-ды құрады.
KASE-те саудаланатын мемлекеттік борыштың номиналды сомасы 2022 жылғы наурыздағы көрсеткіштермен салыстырғанда 0,4%-ға көтеріліп, 2022 жылғы сәуірдің қорытындылары бойынша 17,3 трлн теңгені құрады.
2022 жылғы сәуірдің қорытындылары бойынша KASE-тегі мемлекеттік бағалы қағаздардың сауда-саттығының жиынтық көлемі 2022 жылғы наурызбен салыстырғанда 0,3%-ға ұлғайып, 602,3 млрд теңгені құрады.
2022 жылғы сәуірде мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 2022 жылғы наурызбен салыстырғанда 2,9%-ға өсіп, 278,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 21,7 млрд теңгені Алматы, Қостанай, Жамбыл облыстарының әкімдіктері тартты және 256,7 млрд теңгені Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі тартты.
2022 жылғы сәуірде қайталама нарықтағы инвесторлар құрылымындағы банктердің үлесі – 52,8%, брокер-дилерлік ұйымдардың үлесі – 6,3%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі – 2,2%, басқа заңды тұлғалардың үлесі – 38,5%, жеке тұлғалардың үлесі – 0,2% болды. Бейрезиденттердің қатысуы 11,6%-ға бағаланады.
2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында 42 инвестициялық пай қорлары жұмыс істеді, оның ішінде 22 аралық, 19 жабық және 1 ашық.
Ұжымдық инвестициялар нарығындағы басқарудағы активтердің жиынтық көлемі 2022 жылғы сәуір айының қорытындылары бойынша 6,7%-ға төмендеп, 458,3 млрд теңгені құрады (2022 жылдың басынан бері төмендеу – 5,1%). Бұл төмендеу, ең алдымен, бағалы қағаздар портфелінің төмендеуі есебінен болды (30 млрд теңгеге немесе 6,8%-ға төмендеу). Оның ішінде бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздар портфелі 25,6 млрд теңгеге немесе 7,6%-ға төмендеді, резидент-эмитенттердің бағалы қағаздар портфелі 2,3 млрд теңгеге немесе 2,8%-ға төмендеді.
2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша инвестициялық пай қорлардың негізгі активтері 410,6 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 89,6%-ын құрайтын бағалы қағаздар портфелі болып табылады, бұл ретте портфельдің 98,2%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.
2022 жылғы сәуірдің қорытындылары бойынша инвестициялық пай қорлары портфеліндегі бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздары 309,7 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 67,6%-ын, ҚР резидент-эмитенттерінің бағалы қағаздары 78,3 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 17,1%-ын құрады. Активтер құрамында, сондай-ақ 14,8 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 3,2%-ы мөлшерінде шетелдік инвестициялық қорлардың пайлары бар.
2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын 39 брокер және дилер (16 банк және 23 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 19 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ бірыңғай тіркеуші функцияларын орындайтын: «Қазақстан қор биржасы» АҚ және «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ сияқты 2 инфрақұрылымдық ұйым ұсынды. Сонымен қатар, «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың негізінде орталық контрагент жұмыс істейді. Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиялар саны 74 дананы құрады.