Биыл екінші жыл қатарынан рекордтық астық жиналды – ол шамамен 27 млн тонна. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Жалпы 11 айда агроөнеркәсіп кешені 6,1% өсім көрсетті. Негізгі үлес егін шаруашылығында (+7,6%), ал мал шаруашылығы 3,5% өсті. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар сүт (+5%), ет (+3%) және жұмыртқа (+1,5%) сынды өнімдердің де өндірісі артты.

Өсу көшін Ақмола (15,7%), Қостанай (15,4%) және Солтүстік Қазақстан (10,5%) облыстары бастап тұр.

«Ауыл шаруашылығы маусымдық қарқынды өсу кезеңіне аяқ басты. Қолайлы ауа-райы жағдайлары мен уақтылы мемлекеттік қолдау біздің фермерлерге екінші жыл қатарынан рекордтық егін жинауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру және қайта өңдеуді дамыту үшін берік негіз қалайды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл алынған астық көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтейтінін, сондай-ақ экспорт көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік беретінін айтты.

Ол 2024-2025 маркетингтік жыл ішінде Қазақстан 13,4 млн тонна астық экспорттағанын, бұл алдыңғы ұқсас кезеңнен 47% артық және соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіші екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда 3,4 млн тонна жаңа астық экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 20% көп. Экспорттық әлеует шамамен 13 млн тоннаны құрайды», — деп атап өтті Азат Сұлтанов.