2026 жылдың III тоқсанында Қазақстан банктерінде ірі және орта бизнестің несиеге сұранысы өскен. Ал ипотека, автонесие және кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге қызығушылық төмендеген. Бұл туралы Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев мәлімдеді.
Ұлттық банктің 21 банкті қамтыған сауалнамасына сәйкес, ірі бизнес сегментінде несие алуға өтінімдер саны бір тоқсанда 3% азайып, 229-ды құрады. Алайда бір өтінімнің орташа сомасы 82% өсіп, 20,9 млрд теңгеге жеткен.
Реттеуші мұны стратегиялық және инфрақұрылымдық бағыттағы ірі жобаларды қаржыландыруға өтінімдердің түсуімен байланыстырады. Олардың қатарында энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы бастамалар бар. Бұл жобаларды қаржыландыру үшін банктер синдикатталған несие беру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
Орта бизнес сегментінде несие өтінімдерінің саны 2% өсіп, 5,4 мыңға жеткен. Ал өтінімнің орташа сомасы 23% артып, 1,1 млрд теңгені құрады. Сұраныстың өсуіне «Өрлеу», «Өндіріс», «Іскер аймақ» мемлекеттік бағдарламалары, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қаржыландыру және «Даму» қорының кепілдік құралдары әсер еткен.
Керісінше, шағын бизнестің несиеге сұранысы төмендеген. Бұл сегментте өтінімдер саны 5% қысқарып, 856 мыңды құрады. Дегенмен бір өтінімнің орташа сомасы 7% өсіп, 24,4 млн теңгеге жеткен. Кейбір банктер мұны салық заңнамасындағы өзгерістермен және тұтынушылық сұраныстың әлсіреуімен байланыстырады.
Сонымен қатар банктердің несие өтінімдерін мақұлдау үлесі барлық сегментте аздап төмендеген. Ірі бизнесте бұл көрсеткіш 64%-ды (2 пайыздық тармаққа төмендеген), орта бизнесте 37%-ды (2 пайыздық тармаққа төмендеген), шағын бизнесте 32%-ды (1 пайыздық тармаққа төмендеген) құрады.
Ұлттық банктің мәліметінше, IV тоқсанда бизнес тарапынан несиеге сұраныс одан әрі артуы мүмкін. Бұған іскерлік белсенділіктің маусымдық жандануы және қаржыландыру құнының төмендеуіне қатысты күтулер әсер етеді.