ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының капиталдарына талаптарды ұлғайту бойынша мерзімдерді 6 айға, 2020 жылғы 1 шілдеден 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын және төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушыларға төлемдер мерзімін кейінге шегеруді ұсынатын ұйымдар операциялардың жүргізілуін тоқтата тұрды және олардың жарғылық капиталды уақтылы толықтыруға мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты, жоғарыда көрсетілген ұйымдардың жарғылық және меншікті капиталдарына қойылатын жоғары талаптарды белгілеу келесі жылдың басына ауыстырылды.
Заңды тұлғалар ретінде 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында өз қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдары үшін, жарғылық және меншікті капиталдардың ең төменгі мөлшері 30 000 000 (отыз миллион) теңгені, өзге өңірлерде 10 000 000 (он миллион) теңгені құрайды.
Заңды тұлғалар ретінде 2020 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында өз қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдары үшін, жарғылық және меншікті капиталдардың ең төменгі мөлшері 100 000 000 (бір жүз миллион) теңгені, өзге өңірлерде 50 000 000 (елу миллион) теңгені құрайды.
Заңды тұлғалар ретінде 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында өз қызметін жүзеге асыратын кредиттік серіктестіктер үшін, жарғылық және меншікті капиталдардың ең төменгі мөлшері 10 000 000 (он миллион) теңгені, өзге өңірлерде 5 000 000 (бес миллион) теңгені құрайды.
Заңды тұлғалар ретінде 2020 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген (қызметін жүзеге асыру орнына қарамастан) кредиттік серіктестіктер үшін, жарғылық және меншікті капиталдардың ең төменгі мөлшері 50 000 000 (елу миллион) теңгені құрайды.
Сонымен қатар, осыған дейін Агенттік есептік тіркеуден өту үшін құжаттарды тапсыру мерзімін ірі қалалар үшін – 2020 жылғы 1 мамырдан кешіктірмей және басқа өңірлер үшін 2020 жылғы 1 маусымнан кешіктірмей белгілеген болатын.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет жне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға қарыздар беретін барлық кредиттеу субъектілерінің қызметін реттеу енгізілді. 2020 жылғы 1 шілдеге дейін барлық көрсетілген субъектілер, оның ішінде ломбардтар, кредиттік серіктестіктер және онлайн-кредиттеу компаниялары микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар ретінде Агенттікте
есептік тіркеуден өтуге тиіс.