Беларусь пен Польша арасындағы өткізу пункттерінің жүк көліктері үшін жабылуына байланысты қазіргі уақытта негізгі жүк ағындары Латвия мен Литва өткізу пунктері арқылы жүріп жатыр. Алайда аталған өткізу бекеттері мұндай қозғалыс қарқындылығына қауқарсыз.
Осыған байланысты биыл 17 қазанда Қазақстан мен Беларусь арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы жөніндегі бірлескен комиссияның отырысы барысында қазақстандық тарап Беларусь пен Литва және Латвия шекарасында орын алған кептелістің себептері туралы мәселемен жүгінген болатын.
Беларусь Республикасының Көлік министрлігі аталған мәселе елдің кеден және шекара мәселелеріне жауапты органдарының құзыретіне жататынын хабарлады. Олардың ақпаратына сәйкес, шекарадағы көлік санының артуы республиканың бақылаушы органдарының жұмысына байланысты емес, Литва мен Латвияның кеден органдары ресімдейтін көлік құралдарының санына байланысты орын алып отыр.
Сондай-ақ беларусь тарапы Латвия мен Литваның бақылаушы органдары өтіп бара жатқан автокөліктерді тексеру үрдісін күшейткенін мәлімдеді.
Аталған өткізу пунктерінде отандық тасымалдаушылармен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және басқа да елдердің тасымалдаушылары өз кезегін күтіп отырғанына назар аударған жөн.