Квазимемлекеттік компаниялар бюджетке салмақ салып отыр

Квазимемлекеттік компаниялар бюджетке салмақ салып отыр

Қазақстанда квазимемлекеттік сектордың бюджет қаржысына тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.

ЖАП бағалауынша, жүргізіліп жатқан реформалар мен мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту жөніндегі мақсаттарға қарамастан, 2025 жылы квазимемлекеттік сектордың экономика мен мемлекеттік қаржы жүйесіне ықпалының құрылымы айтарлықтай өзгермеген.

«Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру қарқыны баяулады. Негізінен бәсекелі секторға коммуналдық кәсіпорындар ғана беріліп жатыр. Кей жағдайларда жергілікті органдар елді мекендерді абаттандыру, көшелерді тазалау сияқты қарапайым қызметтерді жедел әрі сапалы қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылуда. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі күшейіп келеді», – деді Әлихан Смайылов Мәжілістің пленарлық отырысында.

Аудит қорытындысы бойынша, жекешелендіру үдерісі негізінен маңызы төмен активтерге бағытталған. Ал ірі әрі экономикалық тұрғыдан маңызды активтер мемлекеттік басқару жүйесінде қалып отыр. Бұл құрылымдық өзгерістердің тиімділігін төмендетіп, бюджетке түсетін жүктемені сақтап отыр.

ЖАП мәліметінше, 2025 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттен 812 млрд теңге бөлінген. Оның 57%-ы мемлекеттік тапсырмалар тетігі арқылы таратылған. Бұл іс жүзінде ведомстволық ұйымдарды тікелей қаржыландырудың тұрақты арнасына айналған.

«Мемлекеттік тапсырма механизмі барған сайын ведомстволық ұйымдарды конкурссыз қаржыландыру құралына ұқсап барады. Кей жағдайларда жұмыстар мен қызметтердің елеулі бөлігі қосалқы орындаушыларға беріледі. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік сатып алулар аясында қосымша 1,4 трлн теңге алды», – деп толықтырды ЖАП төрағасы.