ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов платформалық жұмыспен қамту саласындағы жаңа пилоттық жоба туралы айтты.
«Бүгінде еңбек қатынастары электронды форматқа өтуде, сондықтан мемлекеттік органдар тиісті қызмет көрсетуі керек. Пандемия көптеген адамдар Яндекс, Глово, Волт және т.б. онлайн платформалар арқылы қызмет көрсететінін көрсетті. Осыған байланысты біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамту саласында пилоттық жобаны жүргізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Пилоттық жоба аясында E-salyq Business мобильді қосымшасында жеке кәсіпкер ретінде оңайлатылған тіркеуден өткен кезде интернет-платформа арқылы салық ұсталатын болады», - деп түсіндірді ол.
Пилоттық сынақтан сәтті өткен жағдайда департамент арнайы заңнамалық норманы енгізуді жоспарлап отыр.
«Салық төлеуші салық міндеттемесін қарапайым түрде не E-Salyq Azamat жүйесінде дербес, не интернет-платформаның операторы арқылы автоматты түрде орындай алады», - деді Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ брифингте Қаржы вице-министрі жұмыс тобының жаңа Салық кодексін әзірлеуге кіріскенін айтты. Қаржы министрлігі Ұлттық экономика министрлігіне мыналарға қатысты өз ұсыныстарын жолдады: экономиканың әртүрлі салаларында сараланған салық ставкаларына көшу; салық төлеуден жалтару тәуекелдерін барынша азайту үшін арнаулы салық режимдерін оңайлату; салық жүктемесін азайту мақсатында ұйымдардың әдейі бөлшектенуіне жол бермеу; барабар мөлшерлемелермен және қарапайым рәсімдермен бөлшек салықты қолдануды кеңейту; «байлық салығын» енгізу мүмкіндігі.
«Жаңа кодекстің негізін құрайтын 2030 жылға дейінгі жаңа салық саясатының тұжырымдамасының жобасы әзірленуде», - деді ол.