Күнделікті тұтынылатын тамақтың 85%-ы отандық өнім

Азық-түлік өндірісіне инвестициялар 91,2 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,6%-ға жоғары.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 659,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,5%-ға артты.

Азық-түлік өндірісіне инвестициялар 91,2 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,6%-ға жоғары.

«Жергілікті атқарушы билік органдарының Жол карталарына сәйкес, жалпы сомасы 4,4 трлн теңге болатын 934 инвестициялық жобадан тұратын пул жасалды», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның ішінде ет өндірісі саласында 1 трлн теңге сомасына 301 жоба, жылыжай кешенінде 1 трлн теңге сомасына 67 жоба, сүт мал шаруашылығында 452 млрд теңге сомасына 186 жоба, 373 млрд теңге сомасына 47 құс фабрикасы, 300 млрд теңге сомасына өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 73 жоба, қант өндірісіне 228 млрд теңге инвестициялау жоспарланған. Өзге де бағыттар бойынша жалпы сомасы 834 млрд теңге болатын 225 жобаны іске асыру көзделіп отыр, олар:  суару, тұқым шаруашылығы, тамақтану.

«2021 жылы 263 млрд теңгеге жоспарланған 285 жобаның 11 айдын қорытындысы бойынша 241 млрд теңгенің 268 жобасы пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 22 млрд теңгенің 17 жобасын жүзеге асыру жоспарланған», - деді ведомство басшысы.

«Экспортталатын өнім көлемін арттыру мақсатында министрлік өңделген өнім экспортына баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде», - деп қосты министр.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, АӨК өнімдері экспортының көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын, ал өңделген өнімдер экспортының көлемі 950,5 млн долларды құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен 2,4%-ға жоғары. АӨК өнімдері экспортының құрылымында өңделген өнімнің үлесі 37% - ды көрсетті..

Министрлік азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуіне жүйелі мониторинг жүргізіп отырады.

«Азық - түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша ішкі нарықтың отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуі шамамен 85%- ды құрайды, құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық сияқты тауарлар импортқа тәуелді», - деді Ербол Қарашөкеев.

Сөз соңында Ербол Қарашөкеев инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру және іске қосу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.