Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан екінші жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. Жағдайды консорцум растады.
Барлық жүктеу операциялары тоқтатылып, танкерлер терминал акваториясынан шығарылған.
КҚК өкілдері екінші жүк тиеу-қабылдау құрылғысын әрі қарай пайдалануға болмайтынын айтты. Алайда үш құрылғының біреуі резерв ретінде жұмыс істейді, барлық мұнайды екеуі арқылы тасымалдауға болады. Дегенмен тағы бір құрылғы 12 қараша күні екі айға жөндеуге жабылған еді, осылайша қазір бір құрылғы ғана жұмыс істемек.
Бұл консорциум нысандарына жасалған биылғы үшінші шабуыл. Бұған дейін «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы зақымданған болатын.
Еске салайық, 25 қарашада Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалының кеңсесі де шабуылға ұшыраған еді.