Пандемия мен геосаяси ахуалға байланысты елдегі бизнестің қадамы баяу болып қалғаны белгілі. Бұл ретте мамандар кез-келген компанияның табысты болуына әсер ететіндердің бірегейі – бұл бухгалтерлер дейді. Бүгін Алматыда «Бухгалтер Restart» конференциясы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен бір жарым мыңнан астам есепшінің басын қосқан жиынға Jusan Bank мұрындық болды.

«Банктің бұл іс-шараны қолдағандағы мақсаты – конференцияның өзі оқу-әдістемелік бағытты ұстанған. Біздің де негізгі миссиямыз Қазақстандағы адами капиталды дамыту. Назарбаев университетінің әлеуметтік қорының құрамындамыз. Сол себепті, Қазақстандағы сапалы білімнің артуына үлес қосқымыз келеді. Форумда бухгалтерлер мен заңгерлердің біліктілігі артады. Өйткені, ол мамандар қазіргі уақытта мемелекеттік болсын, корпоративтік болсын, бір сөбен барлық салада сұранысқа ие. Біз өз кезегінде осы саланың сапалы дамуын қалаймыз», деді Гаухар Керімова, Jusan Bank PR директоры.


“Параграф GLOBAL” форумының аясында өткен конференцияда қазақстандық бухгалтерияның жетекші мамандары қазіргі уақыттағы ең өзекті тақырыптарды қозғады. Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардан өзге, ең басты тақырып бухгалтер қарапайым адам екені жиі айтылды.

«Бір жағынан салық органдарының мамандары, бір жағынан жұмыс беруші мазаларын алатын есепшілер әрдайым стрессте жүретіні жасырын емес», дейді жиналғандар. Сол үшін бухгалтер өз бағасын білетін кез келді. Өйткені, қандай бизнес болмасын сандардың «сөйлететін» - ол есепші. Табыстың қайдан келетінін, шығын қайда кетіп жатқанын да шығарып беретін осы мамандар. Конференция барысында бухгалтер жұмыс берушісіне қандай ұсыныс айта алатындығы туралы лайфхактар да берілді. 


«Алдымен бизнесті оңтайландыру қажет. Ол дегеніміз – шығындарды азайту. Мәселен, егер Астана хабтың резиденті болсаңыз, бірнеше салықтан босатыласыз. Осындай ұсыныс айтуға болады. Бұдан қашпаңыздар. Түсінемін. Көпшілігіңіз есеп-қисап көбейіп кетеді деп қорқасыздар. Бұл егер сіз жұмыс істеп жатқан компанияға тиімді болса, міндетті түрде сіздің жалақыңызды көтереді. Екіншіден, тұрақты басқару жүйесін алға қой керек. Ол дегеніміз – бизнестің қай тұсы ақсап жатыр, қай жағын көтеру қажет осы сұрақтарға жауап табасыз», деді РКҚО негізін қалаушы, «О налогах простым языком» кітабының авторы Дмитрий Казанцев.

Конференция барысында қатысушылар келесі жылы Салық заңнамасында қандай өзгеріс болатындығы туралы ақпарат алды. Яғни, 2023 жылдан бастап ақшаның астыртын елден шығуы қатаң бақылауға алынатындығы. Демек, барлық есеп-қисап цифрландырылуы қажет. Бір сөзбен айтқанда «Бухгалтер Restart» конференциясы табысты бас қосу болды.


«Биылғы «Бухгалтерлік конференция» ерекше өтіп жатыр. Өйткені, компаниямыздың 25 жылдық мерейтойына сай келді. Оның үстіне жақында «есепшілер күні». Өздеріңіз көргендей залда «Есепшіге қамқорлық жасау» деген сөз шығып тұрды. Бұған дейін кәсіби тақырыптарды қозғасақ, биыл бухгалтер бірінші кезекте адам екенін айтқымыз келді. Биылғы спикерлер де осы тақырыпта сөз қозғап жатыр. Яғни, стресске жол бермеу, салық саласы күн сайын өзгеріп жатқан қазіргі уақытта қалай әрекет ету деген секілді тақырыптар қозғалды», деді «Параграф» компаниясының комерциялық директоры Андрей Иванов.

Конференция барысында мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері де келіп, есепшілерді келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Және «Параграф» компаниясының белсенді қызметкерлеріне мақтау грамоталарын табыстады. Сондай-ақ, қатысушылар арасында арнайы конкурс ойнатылып, құнды сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар сөзінше, осындай басқосуларды дәстүрге айналмақ.