2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында тұрғын үй қызметі, су, электр қуаты, газ және өзге де отын түрлері өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 5,7% қымбаттады.

Соның ішінде мемлекет бақылайтын коммуналды қызмет ақысы 3% өсті. Ал жалпы осы саладағы инфляция 7,8% болды.

Баспанаға қатысты қызмет құны әрқалай өсіп жатыр. Мәселен, үйді жалдау ақысы бізден 13,2% қымбаттаса, тұрғын үйді күтіп ұстау ақысы 7,9% өсті. Айта кетейік, жаңа үй бағасы 10,8% қымбаттағаны есімізде, ал қайталама нарықта баға 23% өскен.

Ай сайынғы түбіртек бойынша халықтың төлейтін қызмет ақыларына келер болсақ, қоқыс шығару қызметі бір жылда 15,3%, домофон компанияларының қызметі 3,2%, ыстық су ақысы 1,4%, ал орталық жылу 1,2% қымбаттаған екен.

Байқасаңыздар, мемлекет бақылауда ұстайтын сегментте баға айтарлықтай өсе қоймаған.

Нақтылай кетейік, мемлекет бақылайтын қызмет түрлеріне ыстық және суық су, кәріз жүйесі, электр қуаты, газбен және жылумен қамту жатады. Бұл қызмет түрлері қыста жалпы төлемнің 52,1%-ын, жазда 29,5%-ын құрайды. Ал мемлекет бақыламайтын қызмет түрлеріне домофон, лифт және қоқыс шығару секілді қызметтер жатады.