10 қыркүйекте Астанада Astana Finance Days 2026 қаржы форумы екінші күнгі жұмысын жалғастырды. Форумда Қазақстанның капитал нарығын дамыту, цифрлық активтер, көміртегі нарығы, креативті индустриялар, жасанды интеллект және орнықты қаржыландырудың жаңа құралдары талқыланды.
AIX көміртегі бірліктерімен сауданы бастайды
Форумның маңызды жаңалықтарының бірі – Astana International Exchange (AIX) алаңында ерікті көміртегі нарығының көміртегі бірліктерімен сауданың іске қосылуы.
AIX халықаралық Verified Carbon Standard (VCS) стандарты бойынша верификацияланған көміртегі бірліктерімен сауда жасауға арналған биржалық инфрақұрылымды ұсынған Орталық Азиядағы алғашқы биржа болады.
Бұл құрал компанияларға көміртегі шығарындыларын өтеуге арналған бірліктерді сатып алуға және сатуға мүмкіндік береді. Нарықтың дамуы Қазақстандағы көміртегі жобаларына инвестиция тартудың жаңа арнасын қалыптастыруы мүмкін.
Музыка роялтиі токенизацияланады
AFD 2026 аясында Tech Hub Ltd. және ōzen Қазақстан мен Орталық Азияда музыкалық роялтиді токенизациялау платформасын дамыту туралы негіздемелік келісімге қол қоймақ.
Яғни музыкалық шығармалардан түсетін болашақ роялтиді цифрлық активтер арқылы инвестициялық құралға айналдыру тетігі қарастырылады.
Бұл креативті индустриядағы жобаларды қаржыландырудың дәстүрлі модельдеріне балама құралдардың пайда болуына жол ашуы мүмкін.
Жасанды интеллектке инвестиция: есептеу қуаты мен энергияға сұраныс өседі
Форумда жасанды интеллект тек технологиялық өнім ретінде емес, инвестицияны қажет ететін инфрақұрылымдық сала ретінде қарастырылды.
AIFC Insights «AI as Infrastructure: Investment, Compute, Power and Capital Formation across Kazakhstan and the Turkic Space» есебін таныстырды.
Зерттеуде Қазақстан мен Түркі мемлекеттері кеңістігінде ЖИ дамыту үшін қажет:
есептеу қуаттары;
деректерді өңдеу орталықтары;
энергетикалық инфрақұрылым;
телекоммуникация;
капитал тарту мәселелері қарастырылады.
Бұл бағытта ЖИ компанияларының өзімен қатар дата-орталықтар, энергетика және телекоммуникация инфрақұрылымы да инвестициялық активке айналуы мүмкін.
Креативті индустрия инвестициялық актив ретінде
AFD 2026 бағдарламасында креативті индустрияларға да жеке блок арналды.
Музыка, ойын әзірлеу, цифрлық платформалар мен контент жобаларының зияткерлік меншігін инвестициялық активке айналдыру мүмкіндіктері талқыланды.
АХҚО-ның Creative Pitch Day 2026 шарасына кино, музыка, ойындар әзірлеу және цифрлық контент бағыттарынан 100-ден астам өтінім түскен. Оның 19-ы финалға өтті. Бұл жобалар әлеуетті инвесторларға таныстырылды.
Қытай капиталына жол ашу талқыланды
Форумда Қазақстан мен Қытайдың капитал нарықтарын интеграциялау мәселесі де көтерілді.
Astana International Exchange, CICC, Hong Kong Exchanges and Clearing, Shanghai Stock Exchange және «Самұрық-Қазына» өкілдері трансшекаралық капитал тарту, қазақстандық эмитенттердің халықаралық инвесторларға қолжетімділігі және Қытаймен қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
АХҚО Қазақстанның географиялық орналасуы мен дамып келе жатқан көлік және қаржы инфрақұрылымын транзиттік ағындарды инвестициялық жобалар мен мәмілелерге айналдырудың маңызды факторы ретінде қарастырады.
Авиацияға қаржы тарту
AFD 2026-да Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиациялық қаржыландыру нарығының әлеуеті де талқыланды.
АХҚО «Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиациялық қаржыландыру: жаһандық үрдістер және АХҚО-ның рөлі» атты алғашқы аналитикалық есебін таныстырды.
Сонымен қатар қазақстандық жүк тасымалдаушы Jupiter Jet америкалық лизинг берушіден әуе кемесін лизингке алу жөніндегі алғашқы мәмілесін аяқтады. Мәмілені құрылымдауға АХҚО-ның авиациялық-қаржылық хабы қолдау көрсетті.
АХҚО мен Қазақстанның Даму Банкі Қазақстанда орнықты авиациялық отынды (SAF) дамытуға қатысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр.
Жаңа туынды құралдар сынақтан өтеді
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) әзірлеген жаңа құқықтық негіз бойынша оқиғаларға негізделген келісімшарттарды (Event-Based Contracts) тестілеу жоспарланған.
Мұндай құралдар бойынша төлем белгілі бір қаржылық немесе экономикалық оқиғаның орын алуына байланысты жүзеге асырылады.
Өнімдер тек AIFC FinTech Lab алаңында сынақтан өтеді. Бұл жаңа қаржы құралдарын бақыланатын реттеушілік ортада тексеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар AFSA International Trading System Limited шығаратын клирингтік қатысу сертификаттарын білікті инвестициялар ретінде таныды. Құрал РЕПО мәмілелері арқылы өтімділікті басқаруға және қамтамасыз етілген қаржыландыру тартуға бағытталған.
Қазақстанда қайта сақтандыру хабын құру ұсынылды
Форумда AIFC Reinsurance Hub құру тұжырымдамасы да таныстырылды.
Жаңа хаб ірі корпоративтік, энергетикалық, инфрақұрылымдық және көліктік тәуекелдерді құрылымдау, бірлесіп андеррайтинг жасау және қайта сақтандыруға бағытталмақ.
АХҚО бұл бастама Қазақстан мен Орталық Азиядағы қайта сақтандыру әлеуетін арттырып, жергілікті нарық қатысушыларының халықаралық қайта сақтандырушыларға қолжетімділігін кеңейтеді деп күтеді.
Көгілдір облигациялар нарығы қалыптасады
Орнықты қаржыландыру бағытында Қазақстанның алғашқы Ұлттық көгілдір таксономиясы мен Көгілдір облигациялар шығару жөніндегі ұлттық нұсқаулығын әзірлеу жұмыстары таныстырылды.
Бұл құралдар су қауіпсіздігі, су инфрақұрылымы, ағын суларды тазарту және су экожүйелерін қорғауға арналған жобаларды қаржыландырудың ортақ өлшемдерін қалыптастыруға бағытталған.
АХҚО мен ЭЫДҰ-ның табиғатқа байланысты қаржылық тәуекелдер бойынша бірлескен зерттеуінің алдын ала нәтижелері де ұсынылды. Бастапқы талдау Қазақстан қаржы секторы активтерінің шамамен 91%-ын құрайтын банк секторын қамтыды.
AFD 2026-ның негізгі бағыты өзгеріп келеді
Форумның екінші күніндегі талқылаулар капитал нарығының дәстүрлі акциялар мен облигациялар шеңберінен кеңейіп келе жатқанын көрсетті.
Көміртегі бірліктері, цифрлық активтер, токенизацияланған роялти, ЖИ инфрақұрылымы, креативті индустриялар, көгілдір облигациялар және жаңа туынды құралдар капитал тартудың жаңа бағыттары ретінде қарастырылуда.
АХҚО бұл құралдарды Қазақстанның қаржы нарығын халықаралық капитал үшін тартымды ету және елді Орталық Азиядағы өңірлік қаржы хабы ретінде дамыту стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырады.