Биылғы қаңтар-тамыз айларында қоңыр көмір мен көмір концентратын қосқанда көмір өндіру көлемі 76,5 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5% артық. Оның 70,6 млн тоннасы тас көмір, 3,1 млн тоннасы қоңыр көмір, 2,7 млн тоннасы көмір концентраты, деп хабарлайды energyprom.kz.
2022 жылғы қаңтар-шілдеде отандық компаниялар тас көмірге, қоңыр көмір мен көмір концентратына сұранысты (ішкі нарықтағы сатуды және экспортты) бір жыл бұрынғы 99,4%-бен салыстырғанда 99,6% қамтамасыз етті. Осы кезеңде өндіріс 5,8% өсіп, 66,4 млн тоннаны құрады, ал импорт керісінше, 18,3% азайып, 285,8 мың тоннаға дейін қысқарды.
Экспорт 16,3% өсіп, 20,9 млн тоннаны құрады, ал ішкі нарықта сату 2022 жылғы қаңтар-шілдеде 45,7 млн тоннаны құрап, 1,4% ғана өсті.
2022 жылдың қыркүйек айының соңында Қазақстанда халыққа көмір бір айда 2,9%, бір жылда 10,8% қымбаттады.
ҚР қалаларында 1 тонна тас көмірдің орташа бөлшек сауда бағасы бір жылда 13,7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін өсті. Ең қымбат көмір Тараз мен Оралда сатылды: тоннасына сәйкесінше 19,5 мың және 19,3 мың теңге. Жоғары баға Жезқазғанда (16,4 мың теңге), Алматыда (16,2 мың теңге) және Талдықорғанда (16 мың теңге) да тіркелді.
Сонымен қатар, үйді көмірмен жылыту экологиялық жағдайға әсер етеді: «Қазгидрометтің» апта сайынғы ауа сапасы туралы ақпаратына сәйкес, 4-10 қазан аралығында ең ластанған ауа ҚР көмір астанасы Қарағандыда байқалды. Онда зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетудің 1255 жағдайы тіркелді. Одан кейін Астана (412 жағдай) және Алматы (253 жағдай) қалалары. Өнеркәсіптік аймақтың облыс орталығы ретінде Қарағандының жағдайы түсінікті. Астана өз кезегінде көмір түтініне батып жатыр, елорданы газдандыру әлі аяқталмаған, ал газ жүргізілген аудандарда қосылу құны, Caravan.kz хабарлауынша, жылуды қазандығын қосқанда 850 мың теңгеге жетеді.