Көліктер газға көшіп, баға қымбаттады. Енді жаңадан үш зауыт салынады

Екі жылда газбен жүретін көліктер екі есе көбейді.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отын-энергетика саласында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады. 

«Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталғаннан кейін өндіру көлемінің өсуі байқалады. Биыл 10 айда мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,3  млн тоннаны немесе 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 109% құрады. Мұнай өнімдерін өндірудің 2021 жылға арналған жоспары 13,1 млн тоннаны немесе 2020 жылғы көрсеткіштің 105% құрайды», — деді М. Мырзағалиев. 

Сонымен қатар қысқа және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған. 

2021 жылы Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту аяқталады. Бұл өндіріс қуатын жылына 400 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін ұлғайтады. 

Бұдан бөлек, Түркістан облысында жеке инвесторлармен мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 

«Standart Рetroleum & Со» ЖШС. Жобаның мұнайды қайта өңдеу қуаты 2 млн тоннаға тең; 

Жылына 100 мың тонна көмірден қайта өндеу арқылы синтетикалық мұнай өндіруге мүмкіндік беретін «Стандарт Ресорсиз» жобасы. 

Ал кейін одан мұнай өнімдері шығарылады.  2025 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытында депарафиндеу блогымен біріктіре отырып, гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жөніндегі жоба іске асырылады.

Реконструкция нәтижесінде бұрын зауытта өндірілмеген 160 мың тонна қыстық дизель отыны шығарылатын болады. 

Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асырудың арқасында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 2025 жылға қарай 2,2 млн тоннаға дейін артып, 15,3 млн тоннаны құрайтын болады. 

Тартылатын инвестициялар көлемі 148,5 млрд теңгені құрайды. Биыл қаңтар-қазан айларында 2,6 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңінің 100,3% құрайды. 

2021 жылы сұйытылған мұнай газын өндіру 3,2 млн тонна немесе 2020 жылғы көрсеткіштің 100% деңгейінде күтілуде. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының 60% астамын автокөліктер тұтынады. 

2019 жылдан бастап сұйытылған газға ауыстырылған автокөлік саны 2,2 өсіп, 310 мың бірлікке жетті. 

Сұйытылған газ өндіруді арттыру мақсатында 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр:  

Ақтау қаласында төмен қуатты газ өңдеу зауыты. Оның қуаты жылына  60 мың тоннаны, ал инвестициялар көлемі 1,5 млрд теңгені құрайтын болады. Жобаның аяқталуы ағымдағы жылдың соңына жоспарланған.   

Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салу. Оның қуаты 900 млн метр кубты құрайды деп жоспарлануда. Жобаның құны – 147 млрд теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Зауыт шамамен 760 млн куб метр  тауарлық газ, 232 мың тонна сұйытылған мұнай газын және 82 мың тонна көлемінде пентан-гексан фракциясын өндіретін болады. 

Биыл Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд куб метрді құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жобаның құны – 380,8 млрд теңгеге тең. Құрылыстың жоспарланған аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Зауыт 800 млн куб метр тауарлық газын, 119 мың тонна сұйытылған газ, 35 мың тонна конденсат және 212 мың тонна күкірт өндіретін болады.   

Аталған жобаларды іске асырудың арқасында 2025 жылға қарай сұйытылған газ өндірісінің көлемі 300 мың тоннаға артып, 3,5 млн тоннаны құрайтын болады. Ал тартылатын инвестициялардың көлемі 530 млрд теңге болады деп жоспарлануда.  

2021 жылдың 10 айында мұнай-газ-химия өнімдерінің өндіріс көлемі 147 мың тоннаға тең болды. 

2021 жылы 190 мың тонна өнім өндіру жоспарланған. Бұл 2020 жылғы деңгейдің 53% құрайды. 

2021 жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізбеудің негізгі себебі – қаңтар айында Атырау мұнай өңдеу зауытына электр энергиясын жеткізуде орын алған іркілістер. 

Бұл бензол мен параксилол өндіретін технологиялық қондырғылардың авариялық тоқтауына әкеп соқты. Осыған байланысты бензол мен параксилол өндірудің жоспарлы көлемі 246 мың тоннадан 55,3 мың тоннаға дейін, яғни 5 есе төмендеді.   

Сонымен қатар 2021 жылы мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру бойынша 2 жоба пайдалануға берілді. Олар: қуаты жылына 57 мың тонна болатын бензинге арналған октан көтеретін қоспа шығаратын зауыт; қуаты 57 млн куб метр азот және 34 млн куб метр құрғақ сығылған ауа өндіретін техникалық газ шығару зауыты. 

2022 жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, жобаны іске асырудың жалпы прогресі 96% құрайды. 

Бұдан басқа, 2025 жылға дейін екі зауыттың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Атап айтқанда: 

Атырау облысында қуаты жылына 430 мың тонна полиэтилентерефталат өндіретін зауыт; 

Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауыты. 

Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру 2025 жылға қарай шығарылатын мұнай-газ-химия өнімінің көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал тартылған инвестициялар сомасы 1,2 трлн теңгені құрайтын болады. 

Сондай-ақ мұнай-газ-химия саласында бірқатар ірі жобаларды, атап айтқанда полиэтилен және бутадиен өндірісі бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда. 

Полиэтилен жобасы бойынша бүгінгі таңда «СИБУР»-мен ынтымақтастықтың базалық шарттары бойынша келісімдерге қол қойылды. 

Бутадиен жобасы бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында «Татнефть» компаниясымен стратегиялық серіктес ретінде жобаны бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жүргізілуде. 

Бұл жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасына шамамен $8,6 млрд тартуға мүмкіндік береді. 

Бүгінгі таңда Қазақстан табиғи уранды өндіруге және жеткізуге ғана емес, сонымен қатар жоғары бөліністегі уран өнімін өндіруге және өткізуге де мүдделі. Осы мақсатта ядролық-отын циклінің тігінен интеграцияланған кешенін құру көзделеді.  

«Үлбі металлургия зауытында» қуаты жылына 317 тонна уран диоксиді ұнтақтарын өндіру, 155 тонна скраптарды қайта өңдеу және 400 тонна отын таблеткаларын өндіру бойынша жобалар іске асырылды. 

Бұдан басқа, 2921 жылы «Қазатомпром» қытайлық әріптесі China General Nuclear Power Company-мен бірлесіп, «Үлбі металлургия зауытының» базасында қуаты 200 тонна жылу бөлгіш құрастырмалардың дайын ядролық отынын шығаратын зауыт салу жобасын іске асырды. 

Министрлік машина жасауды дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бастамаларды жүргізуде. Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру, атап айтқанда жаңа өндірістер ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту. 

2021 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы сатып алу көлеміндегі «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.» 3 ірі операторларының сатып алу үлесі 70%-дан астам немесе шамамен 3,8 трлн теңгені құрайды. 

Қазіргі уақытта орталық ұсыныс бойынша үш тауар тобын талдауға және оқшаулауға назар аударды: бекіту арматурасы (клапандар); электротехникалық жабдық; бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика. 

Сондай-ақ, жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылды. «Шеврон» компаниясы өзінің республика алдындағы реинвестициялық міндеттемелері шеңберінде жергілікті қамтуды дамытуға $248,5 млн мөлшерінде қаражат бөледі. 

«Инвестициялар технология мен IT, базалық тауарлар өндірісі және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау бойынша үш бағыт бойынша салынады. 

Бүгінде Қор "Астана” халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген. Өтінімдерді қабылдау бойынша электрондық портал әзірленуде», — деді ҚР ЭМ басшысы. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы сомасы 5,6 трлн теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарлануда.