Chevrolet Cobalt моделіне айтарлықтай бәсеке туғызатын Kia Soluto шағын седаны жыл соңына дейін Қазақстанда ресми түрде сатылымға шығарылады, деп хабарлады auto_report Telegram-арнасы.
Kia компаниясының мәліметінше, Soluto Қазақстан нарығына 2025 жылдың соңына дейін шығады. Бұл автомобиль күнделікті жүруге арналған сенімді әрі қолжетімді көлік ретінде ұсынылады.
Көлікте көлемі 1,4 литр, қуаты 95 ат күшіне тең қозғалтқыш орнатылған. Ол 5 сатылы механикалық немесе 4 сатылы автоматты беріліс қорабымен жұмыс істейді. Қазақстан нарығында тек автоматты нұсқасы ұсынылады. Қарапайым құрылымы мен қызмет көрсету шығындарының төмендігі Kia Soluto моделін сенімді таңдау етеді. Бұл — артық төлемсіз көлік іздейтіндерге арналған нұсқа.
Kia Soluto көп жылдар бойы қолжетімді седандар арасында эталон болып келген Chevrolet Cobalt-қа нақты бәсекелес болмақ. Автокөліктің бағасы — 8 миллион теңге шамасында. Бұл баға оны дәл қазір Cobalt үстемдік етіп тұрған сегментке енгізеді.