Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,9%-ға ұлғайып, 2021 жылғы шілденің соңында 16 016,5 млрд теңге болды (жылдық көрсеткіш бойынша 15% болды), деп хабарлайды Ұлттық банк.

Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі бір айда 7 151,7 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға кредиттер көлемі 8 864,7 млрд теңгеге дейін 3,7%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 14 107,2 млрд теңгеге дейін 2,3%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер шамамен өзгерген жоқ, жеке тұлғаларға кредиттер 3,7%-ға өсті.

Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 909,3 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,9%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 7,5%-ға төмендеді. 2021 жылғы шілденің соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 88,1%  (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) болды.

Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 13 737,7 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 2 278,7 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы шілдеде 2 837,3 млрд теңгеге дейін 4,1%-ға (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінен 39,7%) ұлғайды.

Корпоративтік сектордың салалары бойынша бөлуде банктердің экономикаға берген кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (корпоративтік сектордың жалпы көлеміндегі үлесі – 31,5%), сауда (21,3%), құрылыс (7,2%) және көлік (5,7%) сияқты салаларға тиесілі.

2021 жылғы шілдеде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,6% (2020 жылғы шілдеде – 12,0%), жеке тұлғаларға - 18,2% (16,7%) болды.