Бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан қарызы бар азаматтарға арналған жаңа цифрлық платформа іске қосылады. ҚНРДА жариялаған құжатқа сай, жүйе арқылы борышкерлер барлық несиесін бір жерден онлайн реттей алады. Платформа 2026 жылғы 12 шілдеден бастап жаңа ережемен жұмыс істейді, ал 2027 жылдан бастап оны бірыңғай қаржы омбудсманы басқарады.
Платформа кепілсіз тұтынушылық несие мен микрокредиті бар азаматтарға арналған. Қарыз көлемі 1600 АЕК-тен (шамамен 6,3 млн теңге) аспауы керек. Ипотека және автонесие бұл жүйеге кірмейді.
Өтініш ЖСН мен телефон нөмірі арқылы онлайн беріледі. Жүйе қарыздар туралы мәліметті автоматты түрде тексереді, қосымша анықтама талап етілмейді.
Рәсім мақұлданса, бірнеше төлемнің орнына бірыңғай төлем кестесі жасалады. Қайта құрылымдау мерзімі 60 айға дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады.
Өтініш қаралып жатқан кезде банктер мен МҚҰ-ларға сотқа жүгінуге немесе қарызды коллекторларға беруге тыйым салынады.
Алайда бұл несие амнистиясы емес — қарыз толық қайтарылуы тиіс.