Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қандай жағдайда базалық мөлшерлеме төмендетілетінін айтты.
«Қосымша құн салығын өсірудің әсері қазірдің өзінде байқалады. Сондықтан келесі жылы бағалар қатты өсіп кетеді деп айту дұрыс болмас. Дегенмен қандай да бір әсер, әрине, болады. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап коммуналдық тарифтерді «өте сауатты түрде» жібіту қажет. Ол қандай болады – оны үкімет анықтайды. Олар қаншалықты жоғары көтеріледі – бұл да инфляцияға белгілі бір деңгейде әсер етеді», – деді ол.
Ұлттық банк басшысы атап өткендей, үкімет бір жыл ішінде тарифтердің ең жоғары өсу шегін белгіледі. Бұл инфляцияны төмендетуге және инвесторларға сенімділік қосуға тиіс.
«Осы шаралар іске асқан сайын және келесі жылы инфляция төмендеген сайын, біз базалық мөлшерлемені және ақшаның құнын біртіндеп, кезең-кезеңімен, бірқалыпты төмендету циклін бастауға дайын боламыз», – деді Сүлейменов.
Оның сөзінше, Ұлттық банк биыл экономикадан артық ақша массасын шығару арқылы инфляцияның «шайқалуына» жол бермеген.
«Ақша массасы шамамен 48 трлн теңге. Біз тоғыз айдың ішінде шамамен 4,8 трлн теңгені экономикадан шығарып алдық. Егер бұл шаралар болмағанда, оған қосымша 10% қосылар еді – 48 трлн емес, 53 трлн болар еді. Бұл инфляцияға бірнеше пайыздық тармақ қосатыны түсінікті», – деді Ұлттық банк төрағасы.