21 тамызда Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Al-Amanah Islamic Bank Ltd. компаниясы тіркелді.
МФЦА Қаржы қызметтерін реттеу комитетінің (AFSA) тізіліміндегі мәліметке сәйкес, Al-Amanah толыққанды ислам банкі ретінде құрылып, кәсіби клиенттер мен нарық контрагенттеріне қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Банк бөлшек клиенттермен жұмыс істемейді.
Банк қандай қызмет көрсетеді?
Al-Amanah ислам қаржысының бірнеше құралын пайдалануды көздейді.
Банк қаражатты Qard – пайызсыз қарыз қағидаты бойынша және Wakala UPSIA – банк клиенттің қаражатын оның атынан басқаратын инвестициялық шот арқылы тартуды жоспарлап отыр.
Қаржыландыру жағынан Murabaha және Tawarruq құралдары қарастырылған. Murabaha кезінде банк активті сатып алып, оны клиентке алдын ала келісілген үстеме бағамен сатады. Ал Tawarruq тауарды бірізді сатып алу-сату операциялары арқылы қаржы тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар банк трансшекаралық сауда есеп айырысуларын және валюталық операцияларды жүргізуді жоспарлап отыр.
Al-Amanah қызметі АХҚО талаптарына және AAOIFI исламдық қаржы стандарттарына сәйкес жүргізілуі тиіс. Банктің операцияларын тәуелсіз шариғат кеңесі бақылауы көзделген.
Акционері – Катар компаниясы
Al-Amanah-тың мәлімделген капиталы 10 млн доллар.
Банктің жалғыз акционері ретінде Дохадағы Qatar Financial Centre аумағында тіркелген Finagroup Holding LLC көрсетілген.
Банк басшылығына Наргиз Құдабаева CEO ретінде тағайындалған. Директорлар құрамына Максим Полетаев пен Мирлан Таймырзаев кірді.
Мирлан Таймырзаев бұған дейін АХҚО аумағында жұмыс істейтін тағы бір ислам банкі – Al Safi Bank-ті басқарған. Al Safi Bank-тің исламдық банктік қызметке берілген AFSA лицензиясы бар.
Банк қашан жұмысын бастайды?
Al-Amanah Islamic Bank-тің АХҚО-да тіркелуі оның банктік операцияларды бірден бастай алатынын білдірмейді.
Қазіргі уақытта компания АХҚО-ның заңды тұлғалар тізілімінде бар, алайда AFSA-ның Authorised Firms тізілімінде Al-Amanah-қа берілген банктік лицензия әзірге жарияланбаған.
Сондықтан компанияны тіркеу – банкті іске қосу процесінің алғашқы кезеңі. Нақты банк операцияларын бастау үшін Al-Amanah тиісті реттеушілік рұқсаттар мен лицензия алуы қажет.