Каспий құбыр консорциуымына тағы шабуыл жасалды

КҚК теңіз терминалы маңында тағы екі танкерге шабуыл жасалды, олардың бірі «Теңізшевройл» компаниясының қазақстандық мұнайын тиеп жатқан.

КҚК-ның мәліметінше, Маршалл аралдарының туымен жүзетін NIFFOS SIFNOS танкері 3-тиеу айлағы қашықтағы айлақ құрылғысында мұнай тиеп тұрған кезде дрондардың шабуылына ұшыраған. Танкер «Теңізшевройл» ЖШС-нің (Chevron) мұнайын тасымалдаған. Оқиға 30 шілдеге қараған түні болған. Шабуылдан кейін палубадағы мұнай қабылдау манифольдтары маңында өрт шыққан. Өртті танкер экипажы КТК-ның үш көмекші кемесінің қатысуымен сөндірген.

КТК консорциумы мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Мұнай төгілуіне жол берілмеген. Экипажды эвакуациялау немесе медициналық көмек көрсету қажет болмаған.

Екінші шабуыл теңіз терминалынан алты теңіз милі қашықтықта болған. Мұнай қабылдау үшін терминалға бет алған Мэн аралының туымен жүзетін MARATHI танкеріне шабуыл жасалған.

Терминалда мұнай тиеу тоқтатылды. Ал мұнай құбыры нысандары штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

КТК бұл шабуылдар Қазақстан мен консорциумның басқа да шетелдік акционерлері, соның ішінде АҚШ Мемлекеттік департаменті арқылы халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына күш қолданбауға шақырғанына қарамастан жасалғанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін бірнеше сағат бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлескен. Қазақстан СІМ-інің хабарлауынша, келіссөздің негізгі тақырыптарының бірі Каспий құбыр консорциумы (КТК) айналасындағы жағдай болған.

Сондай-ақ КТК 20 шілдеде теңіз терминалы маңындағы танкерге жасалған кезекті дрон шабуылынан кейін мұнай жөнелтуді уақытша тоқтатқан еді.