Kaspi басшылығы иелігіндегі компания акцияларын сатып жатыр

Kaspi.kz басқарма төрағасының орынбасары Юрий Диденко компанияның 50 мың америкалық депозитарлық акциясын (ADS) сатуға ниетті екенін АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) хабарлады.

SEC-ке берілген Form 144 құжатына сәйкес, ұсынылған акциялардың жалпы нарықтық құны $4,935 млн. Диденко оларды 2024 жылғы наурызда компанияның ESOP бағдарламасы аясында сыйақы ретінде алған.

Сатылатын 50 мың ADS Kaspi.kz-тің айналымдағы 190,2 млн ADS-інің шамамен 0,03%-ын ғана құрайды. Яғни бұл мәміле Диденконың компаниядағы үлесін айтарлықтай өзгертпейді. Алайда Диденконың акция сату туралы хабарламасы Kaspi.kz-тің ірі акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Кимнің де компанияның өзіне тиісілі акцияларын кезең-кезеңімен сатуымен тұспа-тұс келіп отырғаны назар аударарлық.

Вячеслав Ким 2026 жылдың наурыз айының соңы мен тамыз айының басы аралығында компаниядағы шамамен 1,75 млн американдық депозитарлық акцияларды (ADS) шамамен 152 млн долларға сатты.