Қазақстан Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауды 2,5 есеге арттырды. Бұл туралы LS агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, Транскаспий халықаралық көлік маршруты аясында Ақтау мен Баку порттары арасында тұрақты контейнерлік қатынас, сондай-ақ Құрық-Баку паром қатынасы жолға қойылған.

Соның нәтижесінде жыл басынан бері аталған бағыттар бойынша жүк тасымалдау көлемінің 2,5 есеге өскені байқалады. Жеті айда 1 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған. Контейнерлер тасымалы 63%-ға өсіп, 21,8 мың ЖФЭ (жиырма фут эквиваленті) құрады.

Құрық порты арқылы өтетін вагондардың көлемі 2,4 есеге өсіп, өңделген 10,6 мың вагонға дейін жетті.

"Бүгінде TMTM қазақстандық экспортты тасымалдаудың баламалы бағыты болып табылады. Есепті кезеңде осы бағыт бойынша экспорттық жүктердің көлемі 2021 жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда тоғыз есе өсіп, шамамен 500 000 тоннаны құрады", - деп түсіндірді ИИДМ.

Сонымен қатар, жыл басынан бері Ресей бағытында жүк тасымалдау көлемі 6 пайызға азайған. Соның ішінде қазақстандық экспорт 12 пайызға төмендеді.

Министрлік Қазақстан негізінен қара және түсті металдар, химиялық және сода, дәнді дақылдар, мұнай өнімдері, халық тұтынатын тауарлар және т.б. экспорттайтынын атап өтті.

ЖФЭ – жүк көліктерінің өткізу қабілетінің шартты өлшем бірлігі. Көбінесе контейнерлік кемелер мен контейнерлік терминалдардың сыйымдылығы мен өткізу қабілетін сипаттау кезінде қолданылады.