Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев қазақстандық кәсіпкерлерге колонияларда кәсіп ашудан қорықпауды өтініп, «бұл жерде адамдар жұмыс істегісі келетінін, бірақ барлығына жұмыс жетпейтінін» айтты. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы ҚАЖ-нің No18 колониясында болған кезде осындай тұжырым жасаған.

«Колониядағы бизнесті дамытуға кәсіпкерлерді тарту мәселесі өзекті болып отыр. Бұл сұрақты мен барған барлық дерлік мекеме басшылары көтереді. Кәсіпкерлерге айтарым: мұнда кәсіпорындар ашудан қорықпаңыздар, өйткені тәжірибе көрсеткендей, мұндағылар жұмыс істеуді біледі, ең бастысы жұмыс істегісі келеді», — деді Ластаев.

Қазіргі таңда колонияда ағаш, металл және жиһаз жасаумен айналысатын жеті кәсіпорын жұмыс істейді. Бұдан бөлек, екі жылыжай мен техникалық қызмет көрсету станциясы бар. Барлығы 230 сотталған жұмысқа орналастырылды. Бірақ жұмыс орындарына сұраныс ұсыныстан әлдеқайда асып түседі.