Қазақстанда еңбек шарттары туралы мәліметтерді біріңғай есепке алу жүйесіне енгізу кезінде жіберілген қателіктер үшін жұмыс берушілерге айыппұл салынады. Еңбек министрлігі НАРЫҚ тілшісіне бұл түзетулерді Сенат мақұлдағанын, бірақ заңға әлі президент қол қоймағанын және заң әлі күшіне енбегенін мәлімдеді. 

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (ӘҚБтК) еліміздегі барлық жұмыс берушіге қатысты жаңа бап пайда болады. Ол еңбек шарттарын есепке алудың біріңғай жүйесіне ақпарат енгізу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті қарастырады.

Заңға президент қол қойса, кәсіпкерлерге мынадай жағдайларда айыппұл салынады:

  • мәліметтерді жүйеге мүлдем енгізбегені немесе кешіктіріп енгізгені үшін;
  • ақпаратты толық көлемде бермегені үшін;
  • еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне жалған ақпарат енгізгені үшін.

Бұл заң бұзушылықтар үшін мынадай айыппұлдар ұсынылып отыр:

  • Лауазымды тұлғаларға – 30 АЕК (129 мың теңге);
  • Шағын кәсіпкерлерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (259,5 мың теңге);
  • Орта бизнеске – 80 АЕК (346 мың теңге);
  • Ірі бизнеске – 150 АЕК (648,7 мың теңге).

Егер заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі арта түседі: шағын және орта бизнес үшін тағы 20 АЕК-ке, ал ірі бизнес үшін 50 АЕК-ке қымбаттайды.

Еңбек министрлігі еңбек шарттарын жүйеде тіркеу міндеті 2020 жылдан бері бар екенін, алайда компаниялар ақпаратты белгіленген мерзімде енгізбейтінін немесе қате енгізетінін атап өтті.