Кәсіпкерлердің 54%-ы қызметкерлеріне ресми түрде ең төменгі жалақы төлейді. Салық органдары тексере келе олардың әлеуметтік төлемдерден жалтарып жүргенін байқады, деп хабарлайды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы.
Салық декларацияларын талдау қазақстандықтардың нақты табысы мен бизнестің ресми есептері арасында үлкен айырмашылық бар екенін көрсетті. Кәсіпкерлердің 54%-ы қызметкерлеріне 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақыны көрсетеді. Әлеуметтік аударымдарды да осы сомадан төлейді, ал іс жүзінде қызметкерлер әлдеқайда көп жалақы алады.
«Жұмыскер шын мәнінде 300 мың теңге жалақы алуы мүмкін және декреттік төлем ретінде 120 мың теңге аламын деп есептейді. Бірақ кәсіпкер ол үшін салықты 85 мың теңгелік минималды жалақыдан төлегендіктен, әлеуметтік қор шамамен 60 мың теңге ғана жәрдемақы есептейді. Жалақыны конвертпен беру арқылы бизнес қызметкерлерін базалық әлеуметтік қорғаныстан айырады», – деді экономика вице-министрі Азамат Әмрин.
Министрлікте салықтық есептілік шараларын енгізгенде бизнес пен қызметкерлер мүддесінің тепе-теңдігі ескерілетінін айтты. Бір жағында тексерістер мен есептілікті азайтуды қалайтын 300 мың жеке кәсіпкер тұрса, екінші жағында бүкіл ел бойынша 9 млн қызметкер бар.
Вице-министрдің айтуынша, бизнес салықты ең алдымен қызметкерлері үшін төлейді — олар медициналық көмек алуы, жұмыстан айырылған жағдайда жәрдемақы алуы және жаңа жұмыс іздеп жүрген кезде отбасын асырай алуы керек.