Қазақстан қор биржасы шетелдік акцияларға арнайы алаң ашуды жоспарлап отыр.
"Биржа шетелдік акцияларға арнайы сауда алаңын ашу мәселесін ойластырып жүр. Бұл инвесторлардың америкалық акцияларға деген сұранысынан туындады. Брокерлер де бұл идеяға қызығушылық танытып отыр. Дайын болғанда хабарлаймыз", деді KASE басшысы Алина Алдамберген баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 2021 жылдың басынан бері акциялар нарығының капитализациясы 52% өсіп 28,9 трлн теңгені құрады. Қазан айының басындағы мәлімет бойынша биржада 137 құнды қағаз бен 122 эмитент саудаланады.
"Биылғы жылдың тоғыз айында акциялар саудасы 187,5 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғы осы уақыттағыдан 20,8% артық. Күн сайын орташа есеппен 1 млрд теңгеге сауда жасалады. Бір сауда келісімінің орташа құны 620,5 мың теңге", – дейді.
Қазіргі таңда Қазақстан қор биржасында сатылатын акциялардың көшбасшысы"Қазатомпром" қағаздары жыл басынан бері 119,6% қымбаттады. Одан кейінгі екінші орында Халық банк акциялары да қарқынды өсіп келеді.
Қазіргі таңда KASE-де 196 648 жеке тұлғаларға тиесілі есепшот тіркелген.