2022 жылғы тамызда инфляция жылдық есептеуде – 16,1%, бір айда 1,4% құрады, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
2022 жылғы тамызда азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы тамызбен салыстырғанда 20,8%-ға өсті, азық-түлікке жатпайтын тауарларға 15,5%-ға, ақылы қызметтерге 10,1%-ға көтерілді.
2022 жылғы тамызда (2021 жылғы тамызға) азық-түлікке жатпайтын тауарлардың баға өсімі 15,5% құрады. Баға деңгейі кеңсе тауарларына – 60,5%, мектеп сөмкесі, оқушылар рюкзагына – 44%, жеке қолданылатын тауарларға – 28,4%, жуу және тазалау заттарына – 26,6%, тұрмыс құралдарына – 24,2%, құрылыс материалдарына – 20%, балалар аяқ киіміне – 19,6%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 19,2%, ыдыс-аяққа – 16%, балалар киіміне – 15%, автомобильдерге – 14,6%, тоқыма бұйымдарына – 11,3%, фармацевтика өнімдеріне 10,7% өсті.
Бір жылда (былтырғы және биылғы тамызға) ақылы қызметтер бағасы 10,1% өсті. Баға деңгейі кешенді демалу ұйымдарына – 20,1%, қоғамдық тамақтану қызметтеріне – 18,4%, санаторий қызметтеріне – 15,3%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 14,9%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 13,8%, қонақ үй қызметтеріне 6,9% өсті. Жолаушылар көлігі қызметтері 5,7% қымбаттады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр қуатына, қоқыс шығаруға – 3,7%-дан, суды бұруға 1,6% жоғарылады, ал орталықтан жылытуға – 2,3%-ға, ыстық суға 0,9%-ға төмендеді.
Бюро статистикалық ақпарат пайдаланушылары үшін инфляция бойынша барлық деректермен танысуға мүмкіндік беретін арнайы интерактивті дэшборд әзірледі.
«Бюро ай сайын инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткішін есептейді. Біз жалпы алғанда 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтер мен баға өзгерісін бақылаймыз. Біз әзірлеген дэшбордта 2018 жылдың қаңтарынан бастап ай сайынғы инфляция деңгейін, тауарлардың топтастырылуын, мониторинг жүргізілетін сауда орындары бойынша мәліметтерді көруге болады. Сонымен қатар, жылдық инфляциядағы тауарлар мен қызметтердің салымы бойынша өзгерістерді бақылауға болады. Бұл ақпарат әсіресе сарапшылар үшін қажет. Қазақстандықтар инфляция көрсеткішін өз өңірі бойынша бақылап, сұранысқа ие тауарлар бағасының өсімін көре алады», – дейді бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.