Қазақстанда «жеңілдетілген салық режимінде» жұмыс істейтін кәсіпкерлердің тек 2%-ы ғана қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер қатарына кіреді. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 1 111 қызмет түрі бар, ал арнайы салық режимін қолданатын жеке және заңды тұлғалар саны – 1 904 962. Алдын ала әзірленген рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне сәйкес, олардың 316-сы бұрынғыдай жеңілдетілген салық режимін қолдана алады. Бұл – 1 млн 356 мың салық төлеуші, яғни жалпы көлемнің 70%-ы.
«Тыйым салынған қызмет түрлерінің тізіміне шамамен 795 бағыт кіреді, бұл барлық салық төлеушілердің шамамен 30%-ына тең», – деді Әмрин.
Вице-министрдің сөзінше, айналым көлемі бойынша қазіргі таңда арнайы салық режиміне шамамен 573 мың салық төлеуші кірмейді. Алайда олардың ішінде 300 мыңға жуығы мүлде есеп тапсырмайды немесе нөлдік есеп тапсырады.
«Нақты алғанда, жылдық айналымы 43 млн теңгеден асатын салық төлеушілер саны – 46 мың. Бұл жеке кәсіпкерлердің жалпы үлесінің 1%-ынан да аз. Сондықтан ҚҚС төлеуші санатына өте аз бөлігі ғана енеді деуге болады», – деп түсіндірді вице-министр.
Оның айтуынша, қызмет түрлері бойынша түпкілікті шешім қазан айының соңына дейін қабылданады.
«Қазір біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге әрбір нақты экономикалық қызмет түрін жеке қарап, қосымша есептеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмысты 16 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Одан кейін Ұлттық палата және министрліктің ішкі құрылымдарымен тағы бірнеше кеңес өткізіп, айдың соңына дейін түпкілікті шешім қабылдаймыз», – деді Азамат Әмрин.